Қазақстанға қашып келген шетелдік қылмыскерлер де ұсталды
Ішкі істер министрлігі халықаралық іздеуде жүрген ондаған қылмыскерді қолға түсірді. Жыл басынан бері шетелде Қазақстан іздеу салған 80 адам анықталса, еліміздің аумағында өзге мемлекеттерден келген 370-тен астам қашқын құрықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, Қазақстанның құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 80 адам шетелде анықталып, олардың 47-сі ұсталды. Сонымен қатар республика аумағында шет мемлекеттердің бастамасымен іздеуде жүрген 371 адамның жүрген жері анықталды. Олардың 107-сі қолға түсті.
Астанада криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша мемлекетаралық іздеуде жүрген күдіктіні ұстады. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол Алматы қаласында тұрғын үй кешенін салу сылтауымен үлескерлердің ақшасын заңсыз иемденген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды.
Алматыда Қазақстан Республикасы ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Хорватияның құқық қорғау органдарымен халықаралық іздеуге жарияланған шетел азаматы ұсталды. Ол ақша жымқыру және оны заңдастырумен айналысқан қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Алдын ала мәлімет бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 30 миллион еуроны құрайды.
Тбилисиде Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүрген ҚР азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта оны елге экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Ол автокөлік сату барысында бірнеше алаяқтық әрекет жасап, жәбірленушілерге 118 миллион теңгеден астам шығын келтірді деген күдікке ілінген.
Молдова аумағында Қазақстанның құқық қорғау органдарының бастамасымен халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол Қарағанды облысындағы есірткі зертханасының қызметін криптовалюта аударымдары мен мессенджерлер арқылы үйлестіріп, қаржыландырған.
Осыған дейін аталған зертхана жойылып, заңсыз айналымнан есірткі заттары, жабдықтар және прекурсорлар тәркіленген болатын. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық жауапкершіліктен жасырынып жүрген адамдарды анықтау, іздестіру және ұстау жұмыстарын ел аумағында да, шетелде де жалғастыратын болады.