Есірткіні Детектив есімді қызметтік ит тауып алды
Орал қаласында пошта арқылы жеткізілген сәлемдемелерді тексеру кезінде сотталған азаматтарға жолданған есірткі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық ұланның мәліметінше, жоспарлы тексеру аясында сәлемдемелер мен бандерольдерді тексеру барысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5517 әскери бөлімінің кинолог-маманы ефрейтор Аманай Бақтығалидің жетекшілігімен Детектив есімді қызметтік ит қолданылды.
Тінту кезінде ол сәлемдемелердің біріне тоқталып, белгі бергендіктен, дереу жедел-тергеу тобы шақырылған.
«Табылған материал оның құрамын анықтау үшін соттық-химиялық сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта осы факт бойынша қажетті іс-шаралары жүргізілуде. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды өткізу әрекеттерінің жолын кесу жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.