Оқыс оқиға 8 маусым күні шамамен 21:50-де болған
Семей қаласында жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан әйел адамды көлік қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол-көлік оқиғасы «Екінші саяжай» ауданында болған. Арнайы белгіленген орыннан өтіп бара жатқан әйелді автокөлік соққан. Осы сәтте кездейсоқ өтіп бара жатқан жедел жәрдем көлігі тоқтап, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны ауруханаға жеткізген.
Абай облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 маусым күні шамамен 21:50-де 28 жастағы ВАЗ-2109 көлігінің жүргізушісі Өскемен көшесімен келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен адам медициналық мекемеге жатқызылды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, көлік құралын басқару кезінде жол қозғалысы қағидаларын бұзып, абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылық белгілерімен сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, сот сараптамалары тағайындалған. Олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.