Оларды ТЖМ құтқарушылары аман-есен жерге түсірді
Алматы тауларына үш мың метр биіктікке шыққан жасөспірімдер адасып кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, Сәтбаев шыңынан төмен түсу кезінде 16 жастағы екі турист Треугольник шыңының маңында бағытынан жаңылып, қас қарайған соң тіптен адасып, құтқарушылардан көмек сұраған.
«Хабар түскен бойда іздеу жұмысына ТЖМ Республикалық құтқару қызметінің «Барыс» бөлімшесі аттанды. Құтқарушылар «Медеу» бекетінен шығып, жасөспірімдер болуы мүмкін аумаққа бағыт алды. Түнгі уақытта таулы жерлермен жүру оңай болған жоқ. Туристерге жету үшін құтқарушылар үш сағаттан аса уақыт жұмсады. Іздеу нәтижесінде жасөспірімдер Треугольник шыңының етегінен табылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық болды, медициналық көмек қажет болған жоқ. Белгілі болғандай, жас туристер биік таулы бағытқа жеткілікті дайындықсыз шыққан. Олардың жабдықтары жорық талаптарына сай келмеген, ал қараңғы түскен соң адасып кеткен», – делінген ведомство хабарламасында.
Құтқару операциясы аяқталған соң мамандар жасөспірімдерді қауіпсіз түрде таудан түсіріп, қалаға жеткізді.
ТЖМ тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлауды, ауа райын бақылауды, қайту уақытын дұрыс есептеуді және ыңғайлы киім мен аяқ киім киюді кеңес етеді.