Қатар мен Сауд Арабиясына қыдырып баруға болмайды: министр мәлімдеме жасады

Автор: Темірхан Айжан

Өйткені туркодтар берілмейді 

Фото: freepik.com

Сыртқы істер министрлігі бұған дейін туристерге Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекетке уақытша бармауға кеңес берген. Қазіргі уақытта Қатар мен Сауд Арабиясы бағыттарына қатысты шектеу әлі де алынған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл ретте мәселе ұйымдастырылған туристік сапарларға берілетін туркодтар туралы болып отыр. Аталған бағыттар бойынша қазіргі уақытта туркодтар берілмейді, яғни ұйымдастырылған туристік сапарларға рұқсат жоқ», - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар Туризм саласындағы жаңалықтарға тоқталған министр халықаралық жарыстар мен ірі спорттық іс-шараларды өткізу бағытында Қазақстанның әлеуеті артып келе жатқанын айтты.

«Жуырда біз тағы бір әлем чемпионатын өткізу құқығын алдық. Қазақстан бұрын-соңды дәл осындай көлемде әлем чемпионаттарын өткізу құқығына ие болған емес. Бұл біз үшін тосыннан келген қуанышты жаңалық болды», - деп атап өтті ол.