Шетел азаматтары декларацияланбаған 102 млн рубльді Қазақстанға кіргізбек болды – ҰҚК

Автор: Асыл Арман

Қазақстаннан 6,9 млрд теңге декларацияланбаған валютаны шығармақ болған

Фото: ҰҚК

Қазақстан шекарасынан жыл басынан бері 6,9 миллиард теңгенің декларацияланбаған валютасын заңсыз әкетпек болған 680-нен астам әрекет әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҰҚК Шекара қызметі шетелге ақша қаражатын заңсыз әкету фактілерінің жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр.

Белгілі болғандай, 2 маусым күні Атырау облысы «Құрманғазы» өткізу пунктінде тексеруден өту кезінде ҚР азаматының жеке жүгінен 299,6 мың АҚШ доллары табылған. Сонымен қатар, осы жылы 3 маусымда Жамбыл облысы шекарасында жасырын түрде 102,5 млн рубль өткізуге әрекеттенген алты шетелдік ұсталды.

«Материалдар процестік шешімдер қабылдануы үшін құзырлы органдарға берілді. Жалпы жыл басынан бері 6,9 млрд теңге сомасына декларацияланбаған валютаны әкетудің 681 әрекеті тоқтатылды. ҰҚК Шекара қызметі ҚР заңнамасында белгіленген сомадан жоғары (10 мың АҚШ долларынан аспайтын) қолма-қол ақшаны республикадан тыс жерге әкетуге тыйым салынатынын еске салады», – делінген ҰҚК хабарламасында.