Павлодарда жүрген Ақтау тұрғыны синтетикалық есірткімен ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол Павлодарға биыл мамыр айының басында барған

Фото: Видеодан скрин

Павлодар қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері Ақтау қаласының тұрғынын ұстап, есірткі заттарын тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жеке тінту кезінде ер адамнан синтетикалық есірткі салынған 40 орама, қаптама материалдары және электронды таразы табылып, тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат синтетикалық тектегі психотроптық зат болып саналады. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 50 грамнан асты.

Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті осы жылдың мамыр айының басында Павлодар қаласына келген. Қазіргі уақытта оның психотроптық заттарды заңсыз өткізуге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

«Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды», – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Арсен Айғазин.