Павлодарда достарымен бірге қауіпті видео түсірген жүргізушінің басы дауға қалды (ВИДЕО)
Оқиға 3 маусым күні Павлодар әуежайы маңындағы тасжолда болған
Павлодарда Geely Monjaro көлігінің жүргізушісі достарымен бірге лайк үшін қауіпті видео түсірген. Облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері жас жігітті осы әрекеті үшін жауапқа тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жастар көлік жүріп бара жатқан сәтте терезеден денелерін шығарған. Әлеуметтік желідегі лайк пен қаралым қуалау – жолдағы қайғылы жағдайға ұласуға шақ қалды. Тәртіп сақшыларының назарына көлік қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, қауіпті әрекеттер жасаған жастардың бейнежазбасы ілікті.
Кадрлардан жас жігіттердің әсерлі видео түсіру мақсатында жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктің терезелерінен денелерін шығарғаны көрінеді. Полицейлер экстремалды контент түсірген азаматтарды қысқа мерзімде анықтады. Оқиғаның 3 маусым күні Павлодар әуежайы маңындағы тасжолда болғаны белгілі болды. Бір топ жас жол үстінде мобильді фотосессия ұйымдастырып, өздерінің ғана емес, жүргізушінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірген.
«Geely Monjaro көлігін 25 жастағы жергілікті тұрғын басқарған. Енді достарының қауіпті ермегі үшін жауапты да сол болмақ. Жол қозғалысы ережелері мен жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция тағы да ескертеді: әлеуметтік желідегі бірнеше секундтық бейнеролик адам өмірі мен денсаулығынан қымбат емес. Мұндай қауіпті әрекеттер жиі ауыр жарақаттарға, тіпті адам өліміне әкеліп жатады. Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушыларды ақылға жүгінуге, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және интернеттегі өткінші танымалдық үшін өз өмірлерін қатерге тікпеуге шақырады», – делінген ПД хабарламасында.