Қазақстанда әскерге барған 660-тан астам сарбазға ЖОО-ның гранты берілді

Автор: Асыл Арман

Әскердегі жауынгерлердің 60%-ы (4 мыңға жуық сарбаз) осы бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Астанада Отан алдындағы борышын өтеген үздік сарбаздарға жоғары оқу орындарының тегін білім гранттары табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ Ұлттық ұланының мәліметіне сүйенсек, ауқымды білім беру жұмысы мемлекеттің бастамасы бойынша іске асырылып жатыр. Бұл жоба азаматтық борышын адал атқарған жастарды қолдауға, әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, биыл ұландықтарға 660-тан астам білім гранты берілді, оның ішінде елордалық ұландықтарға бұйырған 14 сертификат салтанатты жағдайда табысталды. Бұл – еліміздегі барлық күш құрылым арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Бағдарламаға қатысуға Ұлттық ұланның мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерінің 60 пайызы ниет білдірген, бұл жастарды білім алуға және кәсіби дамуға ынталандырудың жоғары деңгейін көрсетеді.

«Бүгін сертификат алған әрбір әскери қызметші бұл нәтижеге өз еңбегімен және білімге деген ұмтылысымен қол жеткізді. Болашақта дәл осындай жастар білікті мамандарға, сұранысқа ие кадрларға және мемлекетіміздің сенімді тірегіне айналары сөзсіз», – деді Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков.

Отан алдындағы парызын өткерген азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелеріне мемлекет тарапынан ерекше назар аударылады. Қарулы Күштер, басқа да әскери құрылымдар мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықтың арқасында бағдарлама жеңімпаздары тегін негізде оқуға, стипендия алуға мүмкіндік алады және жатақханалармен қамтамасыз етіледі.

«Биыл төрт мыңға жуық мерзімді әскери қызмет сарбаздары осы бағдарламаға қатысуға өтініш берген. Үздіктердің үздіктері – жауынгерлік дайындық, тәртіп және арнайы тапсырмаларды орындауда ерекшеленген сарбаздар жеңімпаз атанды. Гранттардың бөлінуін қатысушылардың қорытынды рейтингі анықтады. Қазіргі уақытта Қазақстанның 70-тен астам жоғары оқу орны конкурс жеңімпаздарын оқуға қабылдау туралы меморандумға қол қойған», – делінген Ұлттық ұланның хабарламасында.