Борышкерлердің орналасқан жерін анықтау және алимент өндіріп алу жұмысы жүріп жатыр
Павлодар облысында алимент төлемейтіндерді іздестіру жұмысы күшейтілді. Қазіргі уақытта тізімдегі алты адамның бесеуінің орналасқан жері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, олардың төртеуі әкімшілік жауапқа тартылды, бір борышкер алимент бойынша берешегін толығымен өтеді.
«2023 жылғы желтоқсанда борышкерлердің біріне қатысты 9 млн теңге сомасына алимент өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалды. Сот орындаушысы мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдады, бірақ борышкердің орналасқан жерін анықтау мүмкін болмады. Осы жылдың қаңтар айында ол іздестірілді. Облыс прокуратурасы мен сот орындаушылары бірқатар іс-шараларды өткізгеннен кейін, оны іздестіруге жариялағаннан кейін борышкер анықталды, ал алимент бойынша 9 млн теңге мөлшерінде берешек толық көлемде өтелді», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Алимент бойынша берешекті өндіріп алу бойынша жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде бірқатар борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылды.
Борышкерлердің орналасқан жерін анықтау және алимент өндіріп алу жұмысы жүріп жатыр.