Арыста мас әйел үш адамды қағып өлтіріп, қашып кеткен: полиция оқиғаға қатысты тың ақпарат жариялады

Қаза тапқандардың екеуі – бала, біреуі – жүкті әйел

Арыста мас әйел үш адамды қағып өлтіріп, қашып кеткен: полиция оқиғаға қатысты тың ақпарат жариялады
Фото: Видеодан скрин

Арыс қаласында үш адамды қағып өлтірген әйелге қатысты тың ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан облысының Полиция департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, үш адам қаза тауып, екі адам жарақат алған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Арыс қаласында JAC маркалы автокөліктің жүргізушісі мас күйінде бірнеше адамды қағып, қашып кеткен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

«Оқиға орнында үш адам, оның ішінде екі кәмелетке толмаған жасөспірім көз жұмды. Зардап шеккен 2 адам медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті іс-шараларды жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.

Полиция азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады.

Айта кетейік, осыған дейін Арыс қаласында мас әйел төрт адамды қағып өлтіргені, оның екеуі бала, біреуі жүкті әйел екені хабарланған.