Елордада есірткі сатып жүрген күдікті ер адам ұсталды
Астанада көшелердің бірінде жүрген ер адамнан 7 келі есірткі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, Астанада жүргізілген жедел іс-шаралар барысында есірткі сақтап, оны таратумен айналысты деген күдікпен ер адам ұсталды.
«Күдіктінің көлігін тексеру кезінде ішінен өзіне тән иісі бар сұрғылт-жасыл түсті зат салынған пакет, екі литрлік бөтелке және осындай зат толтырылған екі бес литрлік ыдыс табылған. Сондай-ақ электронды таразы тәркіленді. Сараптама нәтижесі бойынша алынған заттардың гашиш екені анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 7 келіден асады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ПД хабарламасында.
Полиция есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу ауыр қылмыс екенін ескертеді. Қазіргі уақытта есірткі қылмыстарының жолын кесу бағытындағы жедел-профилактикалық жұмыс жалғасып жатыр.