Қостанай облысында 230 келі есірткі тәркіленіп, 180 есірткі сайты жойылды
Қостанай облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 230 килограмм есірткі тәркіленді, сол сияқты 180 есірткі сайты мен 100 граффити-жазу жойылып, 2,9 мың банк шоты бұғатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, қылмыстық қудалау аясында екінші деңгейлі банктердегі жалпы сомасы 194 млн теңге болатын қаражатқа сот шешімімен тыйым салынды. Қылмыстық жауапқа 33 адам тартылды, оның ішінде 13-і – есірткі заттарын өткізгені үшін, 2-еуі –жарнамалағаны үшін.
Белгілі болғандай, биыл 20 сәуір күні Жітіқара қаласының тұрғыны интернет арқылы есірткі жарнамалап, оны сатқаны үшін кінәлі деп танылды. Осы қылмысы үшін ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.
«Тергеу материалдарына сәйкес, сотталған әйел «Telegram» мессенджері арқылы есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкеннің жұмысына белсенді араласқан. Сонымен қатар, ол SMM-менеджер қызметін атқарып, «Telegram» мессенджерінде, «TikTok» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде есірткі дүкенін ұйымдастырушылардың мүддесі үшін есірткі таратушыларды тарту мақсатында «табыс табу» туралы хабарландыруларды жүйелі түрде жариялап отырған. Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен 790 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Құқық қорғау, арнайы және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірде есірткі қылмыстарының саны 213-тен 134-ке дейін, яғни 37 %-ға төмендеді. Атап айтқанда, есірткі сақтау фактілері 101-ден 61-ге дейін, ал өткізу фактілері 69-дан 41-ге дейін азайды.