Балабақша қызметкерлері балаларға берген бананын суретке түсіріп алғаннан кейін жинап алған
Шымкенттегі жекеменшік балабақшаның ата-аналарының наразылығына қатысты жағдайға Білім басқармасы жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Instagram желісінде жарияланған жазбада ата-аналар балабақшада балаларға күн сайын банан беріледі деген ақпарат көрсетілгенімен, іс жүзінде жемістердің балаларға толық берілмегенін алға тартқан. Өз сөздерін растау үшін олар «Балымша» балабақшасында орнатылған бейнебақылау камерасынан алынған видеоны жариялаған.
2026 жылғы 5 мамырда қалалық Білім басқармасының мамандары түскен шағымдар мен бейнематериалдарды зерделеген.
«Тексеру барысында Білім басқармасы қызметкерлері аталған видеожазбаны анықтады. Оны қарау нәтижесінде видеода көрсетілген оқиға 2026 жылдың ақпан айында болғаны анықталды. Қазіргі уақытта мекеме меңгерушісі мен қызметкерлерінен түсініктемелер алынды», – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ видеода көрінетін бес қызметкердің үшеуі қазіргі таңда аталған балабақшада жұмыс істемейтіні атап өтілді.
Аталған фактілер бойынша қалалық басқарма тиісті хаттарды Полиция департаментіне, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдаған.
Ведомство бұл жағдай қолданыстағы заңнама аясында қарастырылып жатқанын, тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті органдар тиісті шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, осыған дейін Шымкентте балабақша төңірегінде дау шығып, ата-аналар тәрбиешілерді айыптағаны хабарланған.