«Рақымшылықтың да шегі бар»: Қарағанды тұрғыны түрмеде отырып, Instagram арқылы жұртты алдаған
Рақымшылық арқылы оның жазасы заңсыз түрде 1,2 жылға қысқартылған
Қарағанды облысының тұрғыны жазасын өтеп жүріп, Instagram арқылы алаяқтық жасағаны үшін қайтадан темір торға тоғытылды. Апелляциялық сот алаяқ әйелге заңсыз рақымшылық жасап, жазасын қысқартқанымен, Бас прокуратура бұл шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарағанды облысының тұрғыны бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін сотталғанына қарамастан, жазасын өтеу кезеңінде қайтадан осындай қылмыстарды жасаған. Ол Instagram әлеуметтік желісінде әйелдер киімін сату туралы хабарландыру жариялап, азаматтардан алдын ала төлем алған. Алайда тауарды жеткізбей, түскен қаражатты өз қалауы бойынша жұмсаған.
«Теміртау қалалық сотының үкімімен аталған әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Апелляциялық сатыдағы сот оған «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қолданып, жазаны 2 жыл 4 айға дейін қысқартқан. Алайда сот актілерін тексеру барысында рақымшылықтың заңсыз қолданылғаны анықталды. Заңға сәйкес, алдыңғы үкім бойынша жазасын өтеу кезеңінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға тікелей тыйым салынады», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Бас прокуратураның наразылығы бойынша рақымшылықты қолданудың күші жойылды. Сотталған әйелге 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Рақымшылық – гуманизм актісі. Алайда ол жазасын өтеу кезінде қайтадан қасақана қылмыс жасаған адамдарды жауаптылықтан босатпайды», – деп хабарлайды Бас прокуратура.