77 жастағы тұрғыны интернет арқылы табыс табамын деп ойлаған
Петропавл қаласының 77 жастағы тұрғыны интернет арқылы табыс табамын деп алаяқтардың құрбаны болды. Зейнеткер барлық жинағын бейтаныс адамдарға аударып, 7 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, әйел Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған инвестиция арқылы оңай ақша табу туралы жарнаманы көрген.
Ұсынысқа қызыққан зейнеткер сілтеме арқылы өтіп, байланыс деректерін қалдырған.
Көп ұзамай оған өзін инвестициялық компания өкілдері ретінде таныстырған адамдар хабарласқан.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдіктілер әйелді «инвестициялық жоба жоғары табыс әкеледі» деп сендірген.
Сәуір айының соңынан мамыр айының басына дейін олар зейнеткердің барлық жинағын түрлі шоттарға аудартқан.
Келтірілген шығын көлемі 7 миллион теңгеден асқан.
Алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатқаннан кейін ғана әйел полицияға жүгінген.
Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері ақшаны шетелге шығаруға көмектесті деген күдікпен үш дроппердің ізіне түскен. Тергеу мәліметінше, алаяқтар жәбірленушінің қаражатын солардың банк шоттары арқылы шығарған.
Полицияның хабарлауынша, жәбірленуші азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен күдіктілерден келтірілген материалдық шығынды өндіріп алуға құқылы.
Тәртіп сақшылары қазақстандықтарды әлеуметтік желідегі жоғары табыс уәде ететін инвестициялық жарнамаларға сенбеуге және ақшаны белгісіз адамдардың шоттарына аудармауға шақырды.