Astana Half Marathon 2026: жарысқа 30-дан астам елдің спортшылары қатысты

Қатысушылардың жалпы саны – 7 мың адам

Astana Half Marathon 2026: жарысқа 30-дан астам елдің спортшылары қатысты
Фото: Астана әкімдігі

Астанада бесінші рет өткен Astana Half Marathon халықаралық жарысы жаңа рекордпен аяқталды. Биылғы марафонға шетелден бұрын-соңды болмаған көлемде қатысушы келіп, жарысқа жалпы саны 7 мың адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жарысқа 30-дан астам елдің өкілдері жиналды

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Astana Half Marathon-ға биыл әлемнің 30-дан астам елінен 243 шетелдік жүгіруші келген.

Қатысушылардың басым бөлігі Ресейден тіркелген – 91 адам. Сондай-ақ:

  • Өзбекстаннан – 28;
  • АҚШ-тан – 17;
  • Қытайдан – 15;
  • Қырғызстаннан – 14;
  • Франциядан – 11;
  • Оңтүстік Кореядан – 6;
  • Ұлыбританиядан – 6;
  • Польшадан – 5;
  • Германиядан – 5 спортшы қатысқан.

Осылайша жарыс Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Таяу Шығыс пен Океания елдерінің өкілдерін біріктірді.

Марафон бағыты елорданың көрікті жерлерін қамтыды

Ұйымдастырушылар шетелдік қатысушылар санының артуын жарыстың ерекше маршрутымен байланыстырады.

Жүгіру бағыты Тәуелсіздік алаңынан басталып, «Арқар» және «Сығанақ – Мәңгілік Ел» көпірлері арқылы өтті. Сонымен қатар қатысушылар Ақорда резиденциясы, Есіл өзенінің жағалауы, «Бәйтерек» монументі, Abu Dhabi Plaza кешені мен EXPO аумағының жанынан жүгіріп өтті.

Бұл қонақтарға жарысқа қатысып қана қоймай, Астананың заманауи келбетімен танысуға мүмкіндік берді.

Инклюзивті командалар да қатысты

Биылғы марафонда Funduk Team жобасының 10 инклюзивті экипажы жарыс жолына шықты.

Олардың құрамында шамамен 40 параспортшы болды.

«Таза Қазақстан» акциясы қолдау тапты

Марафон аясында экологиялық бастамаларға ерекше көңіл бөлінді.

Старт және финиш аймақтарында қалдықтарды бөлек жинау бекеттері мен түрлі экобелсенділіктер ұйымдастырылды. Жиналған қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қоректену бекеттерінде алғаш рет толықтай қайта өңделетін PET 1 пластигінен жасалған бірреттік стақандар пайдаланылған. Жарыстан кейін оларды эковолонтерлер жинап алып, қайта өңдеуге тапсырған.

Бұл тәжірибе Қазақстандағы бұқаралық жүгіру жарыстары арасында алғаш рет қолданылып отыр.

Astana Half Marathon халықаралық мәртебесін күшейтіп келеді

«Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есеновтің айтуынша, Astana Half Marathon жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушыларды көбірек тартуда.

Оның сөзінше, жарыстың халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылуы мен World Athletics және AIMS сертификаттарының болуы тәжірибелі жүгірушілер үшін маңызды фактор саналады.

Айта кетейік, Astana Half Marathon Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.