Қазақстандық шахматшылар Азия чемпионатында үздік жетілікке енді

Автор: Дәулет Ботагөз

Биылғы Азия чемпионатына 147 ер адам және 101 әйел қатысқан

Фото: kazchess.kz

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен шахматтан Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Меруерт Камалиденова бесінші орын алса, Қазақстан чемпионы Зарина Нұрғалиева жарысты жетінші орынмен аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қазақстандық шахматшылар жүлдеге бір қадам жақын қалды

Әйелдер арасындағы бәсекеде Меруерт Камалиденова мен Зарина Нұрғалиева тоғыз тур қорытындысы бойынша 6,5 ұпайдан жинады.

Қазақстандық шахматшылар қола жүлдегер атануға өте жақын болды. Алайда қосымша көрсеткіштер бойынша қытайлық Сун Юйсиньге жол беріп, жүлдесіз қалды.

Азия чемпионы атағын Үндістан өкілі Шри Савита жеңіп алды. Ол сондай-ақ 2027 жылғы әлем кубогына жолдама иеленді. Күміс медаль Өзбекстан шахматшысы Афруза Хамдамоваға бұйырды.

Тағы бірнеше қазақстандық үздік жиырмалыққа енді

Өткен жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Ксения Балабаева бұл жолы 13-орынға тұрақтады.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасының тағы үш шахматшысы үздік 20 спортшының қатарына енді.

Ерлер арасындағы жарыста қазақстандықтар көзге түсе алмады

Ерлер арасындағы турнирде әлем кубогына берілетін бес жолдаманы үш қытайлық және екі ресейлік шахматшы иеленді.

Азия чемпионы атағы қосымша көрсеткіштер нәтижесінде Қытай өкілі Конг Сянжуйге бұйырды.

Қазақстандық шахматшылар бұл жолы жүлделі орындар үшін таласқа араласа алмады.

Турнирге 248 шахматшы қатысты

Биылғы Азия чемпионатына 147 ер адам және 101 әйел қатысқан.

Жарыс швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрды. Ойындар классикалық уақыт бақылауымен өтті: алғашқы 40 жүріске 90 минут, одан кейін партия соңына дейін қосымша 30 минут берілді. Сондай-ақ әр жүріс үшін 30 секунд қосылып отырды.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 100 мың долларды құрады. Оның ішінде ерлер арасында 60 мың доллар, әйелдер арасында 40 мың доллар сарапқа салынды.