Қарқаралыдағы этно-гастрофестивальге 20 мыңнан астам адам жиналды

Өндірушілер фестивальге 30 тонна ұлттық сусын алып келді

Қарқаралыдағы этно-гастрофестивальге 20 мыңнан астам адам жиналды
Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Бір күнге Қарқаралы қымыздың астанасына айналды. Дәстүрлі дала сусынынан дәм тату үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам адам келді. Өндірушілер фестивальге 30 тонна ұлттық сусын алып келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекенің ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көне дәстүрдің маңызына тоқталды.

«Бүгінде технологиялар әлемі қарыштап дамыған сайын адамдар табиғи өнімдерге көңіл аудара бастады. Сондықтан бүкіл әлемде органикалық өнімдер мен экологиялық таза тағамдарға деген қызығушылық артып келеді. Қазақ халқы үшін бұл жаңалық емес. Ата-бабаларымыз ежелден табиғатпен үндестікте өмір сүрген. Сол табиғи тазалықтың дәмі қымыздың құрамында сақталған. Бүгінде қымыз – тек дәстүрдің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар заманауи экономиканың, гастрономиялық туризмнің және ұлттық брендтің маңызды элементі. Әр халықты оның тарихы мен мәдениеті ғана емес, ұлттық тағамдары арқылы да таниды», – деді өңір басшысы.

Биылғы байқауда 37 қымыз өндіруші бақ сынады.

«Сайысқа қатысушылардың әрқайсысы мұқият іріктеуден өтті. Шипалы сусынға зертханалық талдау жүргізіп, шаруа қожалықтарының жұмысымен таныстық. Енді қазылар алқасының шешімін күтеміз. Оның құрамында сегіз адам бар: ғалым-биохимиктер, қоғам және мәдениет қайраткерлері. Сонымен қатар, фестиваль қонақтары онлайн және офлайн форматта дауыс беріп жатыр. Жеңімпазды халық анықтайды», – деді BaiQymyz жобасының авторы Жұмажан Қалтаев.

Қазылар алқасының құрамында белгілі қоғам қайраткері, әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев та бар.

«Қатысушылар арасынан біреуін бөліп-жарып, үздік деп таңдау өте қиын. Ұсынылған өнімдердің барлығы жоғары деңгейде дайындалған. Біз барынша әділ бағамызды беруге тырысамыз. Бұл фестиваль Қарқаралының тұмса табиғаты аясында өтуі бекер емес. Мұндай шаралар қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттап қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға да ықпал етеді», – дейді Қанат Айтбаев.

«Қымыз түрлі ұлттар мен этностарды біріктіреді. Біз бәріміз қазақпыз», – деді шаруа қожалығының басшысы Алексей Ефремов. 

Бұл киіз үйдің алдына жиналған халық қарасы қалың. Жұбайы қымыз құйып беріп жатса, Алексей сол сәтте дәстүрлі күбіде қымыз пісіп отырды.

«Ұлттық сусынды дәстүрлі технология бойынша дайындауды ауыл ақсақалдарынан үйрендім. Бұл іспен кәсіби түрде 12 жылдан бері айналысам, ал биені мектеп жасымнан сауамын. Мен қымызды ысталған қазы қосып ашытам», – дейді Алексей Ефремов.

Фестивальға келем деушілерге Қарағандыдан тегін автобус рейстері екі бағытта қатынайды.

Қарағандылық Зәуре Мәдиева мерекеге қатысу үшін таңғы сағат бесте тұрғанын айтады. Ол байқауға қатысушылардың басым бөлігінің қымызынан дәм татып үлгеріп, өзі үшін үздіктерін де анықтап қойған.

«Мереке керемет ұйымдастырылған. Қонақтарға еттен, бауырсақтан, қымыздан дәм татқызып,  жылы шыраймен қарсы алып жатыр. Осындай шараны өткізген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Мұндай мерекелер ұлттық дәстүрді жаңғыртуға жол ашады», – деді Зәуре Мәдиева.

Ұлттық спорт түрлерінің жанкүйерлері бәйге, көкпар, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату және теңге ілу жарыстарын тамашалады.

Жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын «Үздік қымыз» байқауының қорытындысын жұрт тағатсыздана күтуде. Бас жүлдеге 5 миллион теңге тігілді.