Жыл басынан бері республиканың су қоймаларына 51,5 миллионнан аса құнды балық түрі жіберілді
Бүгін Атырау бекіре балық өсіру зауыты мен Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты Жайық өзеніне 7 млн-нан аса бекіре тұқымдас майда балық жіберді.
Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бекіре тұқымдас балық түрлерін сақтау және оларды тұрақты пайдалануды реттеуге арналған балық ресурстарының өсімін молайту жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Жайық өзеніне 7 млн аса бекіре тұқымдас шабақ жіберілді. Жыл басынан бері республиканың су қоймаларына 51,5 млн-нан аса құнды балық түрлері (шабақтар - ред.) жіберілді. Оның ішінде 7 млн аса бекіре тұқымдас балықтар бар», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ 2020 жылғы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 75 млн құнды балық түрін (шабағын) табиғи мекендеу ортасына жіберу көзделіп отыр. Мемлекеттік тапсырысты қазан айында аяқтау жоспарлануда.