Қызметкерлер «Балаларға банан бердік» деп фото жіберіп, кейін жинап алған
Шымкент қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ата-аналардың айтуынша, тәрбиешілер балаларға банан ұстатып суретке түсіріп, фотоларды чатқа жібергеннен кейін жемістерді қайта жинап алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дау Шымкент қаласындағы Мирас шағынауданында орналасқан «Балымша» балабақшасына қатысты шыққан.
Instagram желісінде жарияланған жазбада ата-аналар балабақшада балаларға күн сайын банан беріледі деген ақпарат көрсетілгенімен, іс жүзінде жемістердің балаларға толық берілмегенін алға тартқан.
Тараған бейнежазбада балаларға банан таратылып жатқан сәт көрінеді. Алайда ата-аналардың сөзінше, фото мен видеолар түсірілгеннен кейін банандар қайта жиналып алынған.
Жазба авторының мәліметінше, жағдай балабақшадағы бейнебақылау камераларын қарау барысында анықталған.
Сондай-ақ ата-аналар балабақша тәрбиеленушілерінің біріне қатысты тағы бір оқиға болғанын айтып отыр. Олардың сөзінше, бүлдіршіндердің бірі жеке бөлмеге қамалып, кейін партаның үстінен құлап қалған.
Осыдан кейін ата-аналар мекеме басшылығынан бейнекамера жазбаларын көрсетуді талап етіп, жағдайдың анық-қанығын тексеруді сұраған.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты балабақша әкімшілігі мен жауапты мемлекеттік органдардың ресми түсініктемесі жарияланған жоқ.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.