Қызылорда облысындағы 14 ауылда ішімдік сатылмайды

Дүкен иелері бұл бастаманы ерікті түрде қолдаған

Қызылорда облысындағы 14 ауылда ішімдік сатылмайды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы 14 ауылдық округте алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тарту туралы шешім қабылданды. Дүкен иелері бұл бастаманы ерікті түрде қолдап, спирттік ішімдіктерді сатуды тоқтатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шешім қылмыс статистикасынан кейін қабылданған

Бас прокуратураның мәліметінше, бастама аудан прокуратурасының жүргізген талдауынан кейін көтерілген.

Зерттеу нәтижесінде соңғы үш жылда тіркелген 329 қылмыстың 14%-ы алкогольдік ішімдік ішкен күйде жасалғаны анықталған.

Бастаманы ауыл ақсақалдары қолдады

Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудан прокуратурасы әкімдік, полиция және жергілікті қоғамдастықпен бірлесіп арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеген.

Ауыл тұрғындары арасында сауалнамалар жүргізіліп, түсіндіру кездесулері ұйымдастырылған.

Аудан прокурорымен өткен жиында ауыл ақсақалдары, құрметті тұрғындар мен кәсіпкерлер алкоголь өнімдерінің сатылымын шектеу туралы ұсынысты қолдаған.

Осыдан кейін сауда орындарының иелері өз еркімен алкоголь сатудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Қауіпсіз орта қалыптастыру көзделіп отыр

Прокуратура өкілдерінің пікірінше, бұл бастама құқық бұзушылықтардың азаюына ықпал етіп, ауылдардағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және әлеуметтік ахуалды жақсартуға оң әсер етеді деп күтілуде.