Төрт қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады
6 маусым күні Қазақстанның төрт қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып, ауада зиянды заттардың шоғырлануы артуы мүмкін. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға сақтық шараларын ұстануға кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 6 маусымда Ақтөбе, Өскемен, Риддер және Семей қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі.
Мұндай жағдайда атмосфераның төменгі қабатында ластаушы заттар жиналып, ауа сапасы нашарлайды.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар желдің баяулауы немесе мүлде болмауы, тұманның түсуі, ауа температурасының инверсиясы секілді факторлардың әсерінен қалыптасады. Соның салдарынан зиянды заттар ауада ұзақ сақталып, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, ауадағы ластану деңгейіне желдің күші, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы тікелей ықпал етеді.
Синоптиктер қолайсыз метеожағдай кезінде ашық ауада ұзақ уақыт болмауға кеңес береді. Әсіресе, автожолдардың маңында серуендеуді шектеген жөн.
Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тарту ұсынылады. Ал өкпе, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар азаматтар өздерімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүргені дұрыс.
Сондай-ақ мамандар ашық ауадағы ауыр дене жаттығулары мен спорттық белсенділікті азайтып, жаттығуларды жабық спорт кешендерінде өткізуді ұсынады.