Кеңес отырысына мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор және қаржы институттарының өкілдері қатысты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік сектор мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Нұржан Әшімбетов агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және жер қатынастары саласындағы цифрлық шешімдерді дамыту мәселелеріне арналған кеңес отырысын өткізді.
Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы ақпараттық жүйелердің тиімділігі, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жер ресурстарын басқару, субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасының лизингі мен фермерлерді қаржыландыру тетіктері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеңес барысында Нұржан Әшімбетов ауыл шаруашылығы саласында көптеген цифрлық жүйе жұмыс істегенімен, олардың әлі де бір-бірімен толық ықпалдастырылмағанына назар аударды.
«Бүгінде субсидиялау, жер мониторингі, мал шаруашылығы, ветеринария және басқа да бағыттар бойынша жеке-жеке жүйелер бар. Бірақ олардың барлығы бір платформада жұмыс істеуі керек. Бұл фермерлер үшін де, мемлекеттік органдар үшін де тиімді болар еді», – деді депутат.
Оның айтуынша, цифрландырудың түпкі мақсаты – саланың ашықтығын арттыру және адам факторын азайту. Осыған байланысты кеңес барысында субсидиялау жүйесіне де ерекше назар аударылды.
«Егер субсидия беру процесі толық цифрландырылған болса, онда неге бұл салада заң бұзушылықтар мен жемқорлық фактілері әлі де анықталып жатыр деген сұрақ туындайды. Сондықтан жүйелердің жұмысын жетілдіру маңызды», – деді ол.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин министрлік цифрландырудың бірнеше бағыты бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, ветеринария саласында жасанды интеллект элементтері енгізіліп, балық шаруашылығындағы e-Fish жүйесі дамытылуда. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қадағалану жүйесі әзірленіп, жер ресурстарын басқарудың жаңа ақпараттық жүйесі құрылуда.
Министрлік сондай-ақ барлық салалық деректерді біріктіретін Digital Agro Platform цифрлық экожүйесін қалыптастыруды жоспарлап отыр. Жобаны толық іске асыру 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Өз кезегінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев компанияда лизингтік қызметтер мен қаржыландыру рәсімдерін автоматтандыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.
Оның айтуынша, лизингке берілген техниканың жай-күйін бақылауға арналған жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Сонымен қатар қаржыландыруға берілетін өтінімдерді автоматты түрде бағалайтын скоринг жүйесі іске қосылып, шешім қабылдау мерзімі 10 минутқа дейін қысқарған.
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі барлық ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жұмыстары аяқталған.
«Біз 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жер комиссиялары институтынан толық бас тартуды жоспарлап отырмыз. Биыл Ақмола және Жетісу облыстарында ауыл шаруашылығы жерлерін толық электронды форматта беру бойынша пилоттық жобаларды іске қосамыз. Одан кейін жүйе бүкіл ел аумағында қолданылады», – деді ол.
Оның сөзінше, бүгінде бос жерлер туралы ақпаратты жариялау міндеті әкімдіктерге жүктелгенімен, бұл тетік күткен нәтижені толық бере қойған жоқ.
«Барлық процестер ақпараттық жүйеге көшірілгеннен кейін жер туралы мәліметтер ашық көрсетіледі. Сонда бос жерді жасыруға немесе қандай да бір процестерге адам факторын араластыруға мүмкіндік болмайды. Барлық рәсімдер барынша автоматтандырылады», – деді комитет төрағасы.
Теміржанов сондай-ақ жер қатынастары саласын цифрландыруға қажетті заңнамалық түзетулер жақын арада қабылданады деп күтіліп отырғанын атап өтті.
Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы Айнұр Юсупова мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру жұмыстары жалпы цифрлық трансформация аясында жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету үшін eGov Business платформасы дамытылып жатыр. Бұл жүйе фермерлер мен бизнес өкілдеріне әртүрлі порталдарды іздемей, қажетті қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысында Нұржан Әшімбетов кеңесте көтерілген барлық ұсыныстар мемлекеттік органдар мен жауапты ұйымдарға жолданатынын айтты.
«Бүгін біз агросектордағы цифрландыру мәселелерін жан-жақты талқыладық. Кеңеске дейін де мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік ұйымдарға және салалық құрылымдарға өз ұсыныстарымызды жолдаған болатынбыз. Бүгін айтылған пікірлер мен ұсыныстар да жинақталып, тиісті мекемелерге жіберіледі. Бұл мәселелер партияның және кеңестің тұрақты бақылауында болады», – деді ол.
Депутаттың пікірінше, ауыл шаруашылығындағы ашықтықты қамтамасыз ету мен жемқорлық тәуекелдерін төмендетуде цифрландырудың маңызы зор.
«Фермерлер де, мемлекеттік органдар да ашық әрі тиімді жұмыс істеуі үшін цифрландыру қажет. Ең бастысы – қабылданған жүйелерді дұрыс пайдаланып, олардың нақты нәтиже беруін қамтамасыз ету. Сонда ғана бұл реформалардың тиімділігі артады», – деп түйіндеді Нұржан Әшімбетов.