Астанада BMW көлігімен дрифт жасаған шетел азаматы жарты айға түрмеге қамалды (ВИДЕО)
Жүргізуші дрифт жасау барысында қолға түсті
Астанада көшенің қақ ортасында дрифт жасаған жүргізуші жарты айға түрмеге қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қауіпті көлік жүргізу фактісін Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының операторлары анықтады. Құқық бұзушылық туралы ақпарат жедел түрде патрульдік полиция жасақтарына жолданып, олар жүргізушінің жеке басын анықтап, оны оқиға орнында ұстады.
«Тексеру барысында дрифттің BMW маркалы автокөлікпен жасалғаны анықталды. Көлікті 29 жастағы шетел азаматы басқарған. Ол қауіпті маневр жасағаны, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды», – делінген ПД хабарламасында.
Полиция агрессивті көлік жүргізу, дрифт жасау және жол қозғалысы ережелерін әдейі елемеу – жол қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін ескертеді. Осындай құқық бұзушылықтардың барлығы қатаң түрде тоқтатылып, кінәлілер заңға сәйкес міндетті түрде жауаптылыққа тартылады.