Қазақстанда биыл қай салалардың маманына сұраныс жоғары болады – зерттеу

Автор: Асыл Арман

2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,09 миллион бос жұмыс орны жарияланған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда 2026 жылы жұмыс күшіне сұраныс артып келеді. Сарапшылардың болжамынша, алдағы уақытта жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасында шамамен 1,2 миллион бос жұмыс орнын жариялайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Finprom.kz деректеріне сілтеме жасап.

2025 жылдың қорытындысы бойынша платформада 1,09 миллион бос жұмыс орны жарияланған. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, экономикалық ахуалға қарай ұсыныстардың саны 1,12 миллионнан 1,31 миллионға дейін жетуі мүмкін.

Ең көп бос жұмыс орны Астана қаласында – шамамен 128 мың. Одан кейін Алматы қаласы (102 мың), Түркістан облысы (98 мың), Павлодар облысы (88 мың) және Қарағанды облысы (77 мың) орналасқан.

Ал ең аз бос жұмыс орны Ұлытау облысында тіркелуі мүмкін – шамамен 19 мың. Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 26 мыңға жуық болса, Жетісу облысында 28 мың жұмыс орны ұсынылады деп болжанып отыр.

Еңбек нарығында білім беру, денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы және сауда салаларындағы мамандарға сұраныс жоғары.

Мамандықтар бойынша ең жоғары сұраныс жұмысшы кадрларға тиесілі болмақ. Бұл санатта 80,9 мыңнан астам бос жұмыс орны ашылады деп болжанып отыр. Сонымен қатар біліктілігі жоқ жұмысшыларға, аула сыпырушыларға, қоғамдық ғылымдар пәндерінің мұғалімдеріне, орта буын медицина қызметкерлеріне, науқастарға күтім жасайтын мамандарға, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілеріне және тазалық қызметкерлеріне де сұраныс жоғары болады.

Сарапшылардың мәліметінше, 2026 жылы еңбек нарығындағы негізгі қажеттілік жаппай жұмысшы мамандықтарына бағытталады. Сонымен бірге білім беру мен денсаулық сақтау салаларында кадр тапшылығы сақталып, жұмыс берушілер педагогтер мен медицина қызметкерлерін белсенді іздеуді жалғастырады.