Аптап ыстық: Қазақстанда алдағы демалыс күндері ауа райы 40 градусқа дейін көтеріледі

Синоптиктердің алдағы үш күнге арналған болжамы белгілі болды

Аптап ыстық: Қазақстанда алдағы демалыс күндері ауа райы 40 градусқа дейін көтеріледі
Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, батыс циклоны Қазақстан аумағының басым бөлігіне әлі де әсер етеді. Осыған байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейіп, екпінді және дауылды жағдай болуы мүмкін, сондай-ақ бұршақ жауады деген болжам да бар.

Қазақстанның мына өңірлері жаңбырлы болуы мүмкін:

  • 6-8 маусым күндері – елдің батысында;
  • 6 маусымда – қиыр солтүстікте және оңтүстік-шығыста;
  • 8 маусымда – солтүстік-батыста.

Кезеңнің басында елдің шығысы мен орталығында ауа райы жауын-шашынсыз әрі ыстық болады.

Күндіз ауа температурасы:

  • батыста +20…+30°С-қа дейін төмендейді;
  • солтүстікте +28…+35°С-қа дейін жоғарылайды;
  • орталықта +30…+38°С қатты ыстық күтіледі;
  • оңтүстікте +35…+40°С қатты ыстық болады;
  • оңтүстік-шығыста +30…+39°С қатты ыстық сақталады;
  • шығыста ауа температурасының негізгі фоны +30…+37°С аралығындағы қатты ыстық болады.