Ол бес жылдың қорытындысын айтты
Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форум өтіп жатыр. Ірі іс-шара Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) және елдегі әкімшілік юстиция институтының бес жылдық жұмысын қорытындылауға арналған. ҚР Жоғарғы Сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев реформаның басты нәтижелерін жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, бес жыл ішінде азаматтар мен кәсіпкерлердің сотта мемлекеттік органдарға қарсы істер бойынша жеңіске жету көрсеткіші 4 есеге өскен.
«2021 жылға дейін азаматтардың мемлекеттік органдарға қарсы істер бойынша сотта жеңіп шығу көрсеткіші орта есеппен 15 пайыздан аспайтын. Бес жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш төрт есеге өсті. Қазір азаматтар мен кәсіпкерлер алты істің шамамен төртеуінде мемлекеттік органды жеңіп шығады», - деп мәлімдеді Аслан Түкиев.
Сот алқасының төрағасының айтуынша, әкімшілік процесте соттар белсенді позиция ұстана бастаған. Қазіргі таңда сот органдары мемлекеттік аппараттың шешімдерін жан-жақты тексеріп, заңбұзушылық анықталған жағдайда тиісті актілердің күшін жояды.