Бұл кейінгі 10 жылдағы нәтиже
Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының трансплантологтар бригадасы 800-ші бүйрек трансплантациясын сәтті атқарып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ота академик Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жасалды. Елімізде бүйрек алмастыру операциясы алғаш рет 1979 жылы дәл осы орталықта басталған еді. Бұл жолғы пациент бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр сатысына шалдыққан 14 жастағы қыз бала болды. Соңғы бір жыл бойы ол перитонеалдық диализге таңылып, қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен айырылған. балаға өз анасы донор болды. Ол қызының өмірін сақтап қалу үшін бір бүйрегін беруге шешім қабылдаған. Дәрігерлердің кәсібилігі мен ананың жанқиярлығының арқасында ота сәтті аяқталды.
Дәрігерлердің мәліметінше, қазір жас пациенттің жағдайы тұрақты. Алда оңалту кезеңі күтіп тұр. Содан кейін жасөспірім аппаратсыз өмір сүріп, алаңсыз мектебіне барады.
Мамандардың айтуынша, бір команданың 800 сәтті ота жасауы — отандық медицинаның, оның ішінде трансплантация қызметінің жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.