190 мың тонна бензин ұрлаған: Қырғызстанға жанармай тасығандар 37 млрд теңге пайда тапқан

Олар Қазақстанда бензин тапшы кезде де бензин ұрлаған

190 мың тонна бензин ұрлаған: Қырғызстанға жанармай тасығандар 37 млрд теңге пайда тапқан
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстаннан 190 мың тонна бензин ұрлап, оны Қырғызстанға апарып сатқандар 37 млрд теңге пайда тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен АИ-92 маркалы бензинді Қырғыз Республикасына заңсыз шығарумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеп-тексеруді аяқтады.

Ведомство мәліметінше, топ құрамында 9 адам болған. Заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін олар мұнай өнімдерін сатып алу, құжат рәсімдеу және экспорттау мақсатында 12 заңды тұлғаны тіркеген.

«Бензиннің шығу тегін заңдастыру және оны шетелге шығару үшін күдіктілер «Қара Май ОйЛ» ЖШС мен «Petro Bazis» ЖШС шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланған. Құжат жүзінде кәсіпорындар АИ-92 бензинін жеңіл дистиллятпен немесе еріткішпен араластыру қызметін көрсеткен. Алайда іс жүзінде олардың қызметі бензинді ешқандай технологиялық өңдеусіз теміржол цистерналарына құюмен ғана шектелген. Кейін жалған құжаттар рәсімделіп, олардың негізінде бензин ароматты көмірсутектер қоспасы, еріткіштер немесе жеңіл көмірсутектер қоспасы ретінде декларацияланған. Нәтижесінде автокөлік бензині мұнай-химия өнімі ретінде көрсетіліп, Қырғыз Республикасына заңсыз шығарылған. Бұл әрекеттер елдің ішкі нарығында мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалған кезеңде де жүзеге асырылған», – делінген Қаржылқ мониторинг агенттігінің хабарламасында.

Заңсыз экспортталған бензин көлемі 190 мың тоннадан асып, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы 37,2 млрд теңгеден асқан.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «Түрксіб» станциясында Қырғыз Республикасына жөнелтілмек болған шамамен 500 тонна заңсыз бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 млн теңге болатын тәркіленген бензин мемлекет кірісіне өткізілді. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.