Шымкентте әйел адам блефаропластика жасатамын деп бір көзінен айырылды

Автор: Асыл Арман

Оған арнайы медициналық лицензиясы жоқ әйел блефаропластика жасаған

Фото: istockphoto.com

Шымкентте блефаропластикадан кейін әйел адамның бір көзі көрмей қалды. Оның ісі сотта қаралды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «24KZ» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, медициналық лицензиясы жоқ әйел өзін білікті маман ретінде таныстырып, пластикалық операция жасай алатынына сендірген. Көздің төменгі тұсына түзету жүргізу үшін ол 100 мың теңге алған. Бұған дейін де осы пациентке құлақ қалқанын түзету операциясын жасаған. Сот мәліметінше, алғашқы кездесуде жәбірленуші маманның біліктілігіне қатысты сұрақ қойған.

«Әңгімелесу барысында жәбірленуші сотталушыдан дипломы мен тиісті сертификаттарының бар-жоғын сұраған. Сотталушы өзінің жоғары медициналық білімі және қажетті сертификаттары бар екенін ауызша мәлімдеген», – деп хабарлады сот өкілдері.

Асқыну 2025 жылдың шілде айында жасалған қайталама операция кезінде туындаған.

«Операция барысында қатты ісініп, тоқтаусыз қан аққан. Отадан кейін пациент үйіне жіберіліп, ісік уақыт өте басылатыны айтылған. Алайда 10 күннен кейін әйел адамның сол көзі мүлдем көрмей қалған», – делінген іс материалдарында.

Кейін әйелге 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленген. Медициналық бақылау органдарының деректеріне сәйкес, сотталушыда медициналық қызметпен айналысуға лицензия да, тиісті сертификаттар да болмаған.

Сот оны кінәлі деп танып, 1,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған үш жыл бойы медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза бір жылға кейінге шегерілді. Сондай-ақ сот шешімімен моральдық зиян үшін өтемақы мен емделуге кеткен шығындар өндірілді.

Айта кетейік, өткен айда Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде блогер Сәуле Базархан қайтыс болған еді. Сол сияқты Маңғыстау облысының мәслихат депутаты Ербол Айтуов липосакция жасау барысында көз жұмған.