Риддер қаласының тұрғындары бір айға жуық ыстық сусыз қалатын болды

Автор: Асыл Арман

Облыстағы ЖЭО-да жөндеу жүргізіледі

Фото: istockphoto.com

ШҚО-ның Риддер қаласы жаздың ортасында бір айға жуық уақыт ыстық сусыз қалатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Yk.kz мәліметінше, ыстық су 1-25 шілде аралығында өшіріледі.

«Станция негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу кестесін әзірледі. Кестеге сәйкес станция уақытша тоқтатылады, осыған байланысты ыстық су беру қызметі де уақытша шектеледі», – деп түсіндірді кәсіпорын өкілдері.

«Шығыс Жылу» АҚ Риддер филиалының басшысы Кирилл Голота алдағы жөндеу жұмысы туралы мәлімет берді.

«2026 жылғы жөндеу науқанына Үкімет резерві мен облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді. Жұмыс жылу желілерінің бір бөлігін және ЖЭО жабдықтарын қамтиды. Атап айтқанда, жоғары қысымды екі қазандық агрегаты мен бір турбогенератор жөнделеді. Сонымен қатар жаңа күл үйіндісі мен түтін мұржасының жобасы әзірленеді», – деді ол.

Риддер ЖЭО-да жалпы алты қазандық бар. Қалған төрт қазандықта да қажетті бөлшектер ауыстырылады. Бұл жұмыс тарифтік түсімдер есебінен қаржыландырылады.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, Риддер тұрғындарының жылу мекемесіне берешегі шамамен 400 миллион теңгені құрайды.

«Бұл – екі жыл ішінде төленбеген қарыз көлемі. Біз 21 мың абонентке қызмет көрсетеміз», – деді Кирилл Голота.

Қазандықтарды жөндеу жұмысын қыркүйекке дейін, ал жылу желілерін жаңарту жұмысын 31 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Тегтер: