Өңірлерде тұман, бұршақ, найзағай, шаңды дауыл болып, ауа температурасы 36 градусқа дейін көтеріледі деп болжанып отыр
4 маусымға Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бірқатар аймақта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғады. Кей өңірлерде желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Астанада өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Ақмола облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі, облыстың батысы мен солтүстігінде бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Көкшетауда таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде батыс пен оңтүстікте жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз де жауын-шашын сақталады. Батыс, солтүстік және шығыс аудандарда бұршақ түсіп, дауылды жел соғуы ықтимал. Оңтүстік-шығыс желі секундына 15–20 метр, күндіз кей жерлерде екпіні 23–28 метрге дейін күшейеді. Петропавлда күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.
Қостанай облысында түнде батыс, оңтүстік және шығыс аудандарда жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз де жауын-шашын жалғасады. Оңтүстік пен шығыста бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15–20 м/с, кей уақытта екпіні 23–28 м/с-қа жетеді. Қостанай қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады, желдің екпіні 15–20 м/с.
Павлодар облысында күндіз батыс пен оңтүстікте жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Батыс, оңтүстік және шығыс аудандарда жоғары өрт қаупі сақталады. Павлодар қаласында да өрт қаупі жоғары.
Қарағанды облысының солтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады, шығыс пен оңтүстікте жаңбыр күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысады, таңертең және күндіз батыс пен солтүстікте екпіні 15–18 м/с болады. Батыс, солтүстік және орталық аудандарда төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағандыда кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай болады, төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысының батысында, солтүстігінде және орталығында аздаған жаңбыр жауып, найзағай болып, дауылды жел соғады. Оңтүстік-батыс және батыс желінің жылдамдығы 15–20 м/с, кей уақытта 23 м/с-қа дейін күшейеді. Шығыс, оңтүстік және орталық бөлікте жоғары өрт қаупі күтіледі. Жезқазғанда оңтүстік-батыс және батыс желі секундына 15–20 метрге дейін жетіп, жоғары өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысында күндіз шығыс пен оңтүстікте аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыс желі солтүстік, шығыс және оңтүстік аудандарда 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Оңтүстік пен орталықта жоғары өрт қаупі сақталады.
Абай облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Солтүстік-батыс желі солтүстік, оңтүстік және орталықта 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады, ал солтүстік-батыс пен оңтүстікте төтенше өрт қаупі жарияланған.
Алматы облысында түнде шығыс, оңтүстік және таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз жауын-шашын тау бөктері мен таулы аймақтарда сақталады. Батыс және солтүстік-батыс желі оңтүстік, шығыс және таулы өңірлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Солтүстікте төтенше өрт қаупі сақталады, ал солтүстік, батыс және шығыста жоғары өрт қаупі күтіледі. Алматыда түнде батыс желінің екпіні 15 м/с-қа дейін жетеді. Қонаевта түнде батыс және солтүстік-батыс желі 15–20 м/с болады. Іле Алатауының тауларында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады, жел кей уақытта 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Жетісу облысының батысында, солтүстігінде, орталығында және таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Оңтүстік-батыс желі солтүстік, шығыс және таулы аймақтарда 15–20 м/с-қа дейін күшейіп, кей уақытта 25 м/с-қа жетеді. Солтүстікте аптап ыстық болып, ауа температурасы 36 градусқа дейін көтеріледі. Жоғары өрт қаупі сақталады, ал солтүстік, шығыс және оңтүстікте төтенше өрт қаупі бар. Талдықорғанда кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай болады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Солтүстік-батыс желі батыс, солтүстік және таулы аймақтарда 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Батыс, оңтүстік және шығыста жоғары өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыс желі батыс, солтүстік, тау және тау бөктеріндегі аймақтарда 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Батыс, солтүстік, оңтүстік және орталық бөлікте жоғары өрт қаупі сақталады. Шымкент пен Түркістанда солтүстік-батыс желі 15–20 м/с болады. Түркістанда жоғары өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысында күндіз солтүстікте жаңбыр жауып, найзағай болып, дауылды жел соғады. Солтүстік пен орталықта шаңды дауыл күтіледі. Оңтүстік-батыс желі 15–20 м/с болады. Орталық пен шығыста жоғары өрт қаупі сақталады, ал батыс, солтүстік және оңтүстікте төтенше өрт қаупі жарияланған. Қызылорда қаласында жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында жаңбыр жауып, найзағай болады, ал батыс, солтүстік және орталықта кей уақытта қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Солтүстік-батыс және батыс желінің жылдамдығы 15–20 м/с. Солтүстік-шығыста жоғары өрт қаупі сақталады, ал оңтүстік пен шығыста төтенше өрт қаупі күтіледі. Ақтөбеде кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз солтүстік-батыс желі 15–18 м/с-қа дейін күшейеді.
Атырау облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыс желінің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Атырауда солтүстік-батыс желі 15–18 м/с болады.
Батыс Қазақстан облысының шығысында және оңтүстік-шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Солтүстік-батыс желі солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс аудандарда 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Батыста жоғары өрт қаупі сақталады. Оралда күндіз солтүстік-батыс желі 15–20 м/с болады.
Маңғыстау облысының солтүстік-батысында және солтүстік-шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең батыс пен орталықта тұман түседі, күндіз солтүстік-шығыс пен орталықта шаңды дауыл күтіледі. Батыс және солтүстік-батыс желі 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Орталық бөлікте жоғары өрт қаупі сақталады. Ақтауда түнде және таңертең тұман болады.