«AMANAT» партиясының негізгі тірегі: Елімізде бастауыш партия ұйымдарының атқарған жұмысы сараланды

Өңірлерде бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиындары өтіп жатыр.

«AMANAT» партиясының негізгі тірегі: Елімізде бастауыш партия ұйымдарының атқарған жұмысы сараланды
Фото: «AMANAT» партиясы баспасөз қызметі

Ел аумағында «AMANAT» партиясына қарасты бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиындары өткізілуде. Бастауыш партия ұйымдары – партияның негізгі тірегі, партия мен тұрғындар арасындағы алтын көпірі. Бүгінде елімізде 856913 азаматты біріктірген партияның 3807 бастауыш партия ұйымы бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында бастауыш партия ұйымдарының атқарған жұмысы сараланып, партияның сайлауалды бағдарламасы мен жобаларын жүзеге асыру, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын қарау, тұрғындармен кері байланыс орнату бағытында атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасалуда. 

Мәселен, Астана қаласы Байқоңыр ауданында «Астана су арнасы» бастауыш партия ұйымы өткізген жиынға 100-ге жуық азамат қатысты. Басқосуда аталған БПҰ-ның атқарған жұмысы баяндалып, алдағы міндеттері айқындалды. 

«Астана су арнасы» бастауыш партия ұйымы қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру және өзекті мәселелерді шешу ісіне белсенді атсалысуда. Алдағы уақытта да партиялық жобаларды сапалы жүзеге асырып, ұйым жұмысының тиімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргіземіз. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қойып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты істерді жалғастыру. Бұл ретте, партия мүшелерінің белсенділігі мен жауапкершілігі ортақ нәтижеге қол жеткізудің маңызды факторы болып қала береді», – деді «Астана су арнасы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Аблай Елжасов.

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалына қарасты «Болашақ» бастауыш партия ұйымы жиын өткізді. Мегаполисте партияның 41 бастауыш партия ұйымы бар. Онда мыңдаған партия мүшесі ортақ мақсат төңірегінде топтасып, қоғамдағы оң өзгерістерге үлес қосып келеді.

«Біздің басты міндетіміз – азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыру. Өткен кезеңде ұйым мүшелері партиялық жобаларға белсенді атсалысып, түрлі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға күш салды. Алдағы уақытта да тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жұмысты жалғастыра береміз», – деді «Болашақ» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жанар Тойлыбаева.

Ал Түркістан облысында «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалы жанынан құрылған «Б.Момышұлы» және «М.Әуезов» бастауыш партия ұйымдарының атқарған жұмысы талқыланды. Осы күні партияның облыстық филиалына қарасты 245 бастауыш партия ұйымы жүйелі жұмыс істеуде. Олар 87 мыңнан астам партия мүшесін біріктіріп отыр.

«Бүгінде Арыс қаласында 4956 партия мүшесін біріктірген 15 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Олар тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түріп қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай орындалуына қоғамдық бақылау жүргізеді. Сондықтан бастауыш партия ұйымдарының жұмысы – партияның беделі мен тұрғындар сенімінің басты көрсеткіші», – деді «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков.

Абай облысында 30 мыңнан астам азамат бас қосқан «AMANAT» партиясының 138 бастауыш партия ұйымы бар. Соны бірі – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания» АҚ «Семей» бөлімшесі филиалының бастауыш партия ұйымы. Аталған ұйым өткізген жиында тұрғындар сенімін ақтау мәселесіне баса назар аударылды.

«Бұрын тұрғындардың өтініштері негізінен әлеуметтік көмек, тұрғын үй немесе тұрмыстық мәселелерге қатысты еді. Қазір азаматтар тек көмек сұрап қана қоймай, өз өңірінің дамуына қатысты ұсыныстарын да жеткізеді. Бұл – қоғам дамуының көрсеткіші. Сондықтан біздің тарапымыздан атқарылып жатқан жұмыстың басты өлшемі – тұрғындар сенімі. Азаматтар өз мәселесін айтып, партияға жүгінуі – бізге деген сенімнің айғағы. Ал сенім бар жерде нәтиже де болатыны анық», – деді «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания» АҚ «Семей» бөлімшесі филиалының бастауыш партия ұйымы төрағасы Айгүл Берікболова.

Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық қан орталығында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалына қарасты «Салауат» бастауыш партия ұйымының есеп беру-сайлау жиыны өтті. Бұл бастауыш партия ұйымы бүгінде Жамбыл облыстық қан орталығы, Көркем-өнер мектебі және №16 балабақша ұжымдарын біріктіріп отыр. Аталған ұйым қоғамдық-саяси жұмыстармен қатар, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру ісінде де елеулі нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

«Бастауыш партия ұйымының басты мақсаты – партияның бағдарламалық міндеттерін жүзеге асырумен қатар, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысу, қоғамдық келісімді нығайту және азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсету. Бүгінде ұйым мүшелерінің белсенділігі мен ауызбіршілігі арқылы маңызды жобалар жүзеге асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта да тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, әлеуметтік-медициналық мәселелерді шешудің жаңа әрі тиімді жолдарын енгізуге күш саламыз», – деді «Салауат» бастауыш партия ұйымының төрағасы Әсел Құлымбетова.

Батыс Қазақстан облысында «AMANAT» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалына қарасты «Сайқын» бастауыш партия ұйымының есеп беру жиыны өтті. Оның барысында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалардың орындалу барысына жіті мән берілді.

«Бастауыш партия ұйымдары – тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін, азаматтардың ұсыныс-тілегін жеткізетін маңызды ұйым. Елді мекендердегі өзекті мәселелердің шешілуі, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерінің ескерілуі және партиялық бастамалардың жүзеге асуы көбіне-көп осы ұйымдардың белсенділігіне байланысты болып отыр. Сондықтан әрбір бастауыш партия ұйымы тұрғындардың сенімін ақтайтын нақты жұмыс атқаруы қажет», – деді «AMANAT» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалының төрағасы Жалғас Ташуов.

Ақтөбе облысында «СНПС Ақтөбемұнайгаз» бастауыш партия ұйымы өткізген жиында партияның бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру барысы назарға алынды. Жалпы, өңірде партияның 191 бастауыш партия ұйымы жүйелі жұмыс істейді. 

«Бүгінде «СНПС Ақтөбемұнайгаз» бастауыш партия ұйымының құрамында 161 партия мүшесі бар. Олар партияның жобаларын, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру ісіне айрықша үлес қосуда. Сонымен қатар ұйым спорттық, мәдени-көпшілік және қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысып, салауатты өмір салтын дәріптеп келеді», – деді «СНПС Ақтөбемұнайгаз» бастауыш партия ұйымының төрағасы Самат Сатов.

«AMANAT» партиясына қарасты бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиындары еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілуде.