Әлеуметтік санаттағы үйлер сол қалпы салынбай қалған
Қаржылық мониторинг агенттігі Көкшетау қаласында құрылыс барысында бюджет ақшасы ұрланғаны бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың желтоқсанында Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі мен «Айдана-ИК» ЖШС арасында әлеуметтік осал топтарға арналған көппәтерлі тұрғын үйлер салу жөнінде 1 млрд теңгеден асатын сомаға келісімшарт жасалған.
«Мердігер аванстық төлемдерді алу үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бойынша жалған шарттар ұсынған. Кейін тапсырыс беруші тарапынан ЖШС-ге 211 млн теңге көлемде қаражат аударған. Алайда құрылыс толық көлемде орындалмаған. Нәтижесінде нысандар пайдалануға берілмей келген. Ал алынған бюджет қаражаты жеке қажеттіліктерге, контрагенттермен есеп айырысуға, сондай-ақ қолма-қол ақшаға айналдырылуға жұмсалған», – делінген ҚМА хабарламасында.
Күдікті қамауға алынды. Тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.