«Жас буынды қолдау – еліміздің басты назарында»: Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады

Автор: Асыл Арман

Ол «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жайлы айтты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент өз сөзінде өскелең ұрпақтың дамуына жағдай жасау конституциялық міндет екенін айрықша атап өтті.

«Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет. Ауызбіршілігі мықты, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың арқауы. Сондықтан отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституцияның аса маңызды нормасының бірі ретінде айқындалды», – дейді мемлекет басшысы.

Ол сөзін жалғай отырып, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жайлы тілге тиек етті.

«Өскелең ұрпақтың жасампаздық рухы орасан зор. Олар білім мен спортта, өнерде мол табысқа жетуде. Менің бастамаммен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр. Биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Жас буынды қолдау әрдайым еліміздің, яғни Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болады, – деп жазды президент Instagram парақшасында.