Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді
Жетісу облысының басты туристік нысандарының бірі – Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына апаратын автокөлік жолын қайта жаңарту жобасын толық аяқтау үшін қосымша қаржыландыру қажет. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары атап өткендей, Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына баратын жолдың жалпы ұзындығы 30,8 шақырымды құрайды. Атқарылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобаның мемлекеттік сараптамадан өткен жалпы құны – 14 миллиард теңге.
Қазіргі уақытқа дейін бұл жобаға республикалық бюджеттен 2026 жылға дейін 4 миллиард теңге, ал жергілікті бюджеттен 2026 жылға 1 миллиард теңге бөлінген.
«Осылайша, жобаны толықтай аяқтап, пайдалануға беру үшін қосымша 9 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру талап етіледі», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Вице-премьер қолданыстағы Бюджет кодексіне сәйкес, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын республикалық бюджет есебінен тікелей қаржыландыру қарастырылмағанын ескертті. Сондықтан бұл жолдың құрылысы Жетісу облысына 2026-2028 жылдарға бөлінген жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде, яғни өңірдің өз бюджеті есебінен жүзеге асырылуы тиіс.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған бұл жол жөндеу жұмыстарының маңыздылығына тоқталған болатын. Қазіргі уақытта таулы жерде күрделі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тау жыныстарын жару жұмыстары орындалып, жолдың негізін төсеу процесі қолға алынған.
Депутаттар қаржы тапшылығы 30,8 шақырымдық туристік бағыттың дер кезінде бітуіне кедергі келтіріп отырғанын айтып, республикалық бюджеттен немесе бюджеттен тыс көздерден қолдау көрсетуді сұраған еді. Жетісу облысы – бірегей табиғатымен туристерді тартатын өңір, сондықтан елдегі ең биік сарқырамалардың біріне баратын сапалы жолдың салынуы өңірдің экономикалық және туристік әлеуетін еселей түспек.