Сенбілікке шамамен 4 500 адам қатысып, өңірдегі 360 еңбек ұжымы мен мекеме жұмылдырылды
Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды шара өтті. Өңірде бұлақ көздерінің айналасын ретке келтіру мақсатында «Мөлдір бұлақ» жалпыоблыстық сенбілігі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Табиғатты қорғауға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған бұл іс-шараға жергілікті тұрғындар белсенді атсалысты. Сенбілік барысында өңірдені өзендер мен көлдердің, өзге де су айдындарының жағалаулары күл-қоқыстан толық тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – су экожүйесін сақтау және өңірдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Бұл жолғы тазалық шарасы ауқымдылығымен ерекшеленді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, сенбілікке шамамен 4 500 адам қатысып, өңірдегі 360 еңбек ұжымы мен мекеме жұмылдырылды. Сондай-ақ жұмыстарға 74 бірлік арнайы техника тартылды.
«Нәтижесінде облыс бойынша 131 гектар аумақ толықтай қоқыстан тазартылды. Арнайы техникалардың көмегімен полигондарға 520 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды», — деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Ұлытау облысының әкімдігі табиғатты аялауға үлес қосқан барлық тұрғындар мен белсенділерге алғыс білдірді. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай тазалық іс-шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таппақ.