ШҚО-дағы жаңа әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын: алғашқы сынақ рейсі шілдеде өтеді

Автор: Дәулет Ботагөз

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 300-ден астам адам үздіксіз еңбек етіп жатыр

Фото: © istockphoto.com

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып жатқан Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы жаңа әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын. Стратегиялық нысанда осы жылдың шілде айында алғашқы сынақ рейсін қабылдау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ШҚО әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта құрылыс алаңында 300-ден астам адам үздіксіз еңбек етіп жатыр. Жалпы нысанның дайындық деңгейі 75–80 пайызды құрайды. Мамандар негізгі инфрақұрылымдық жұмыстарды аяқтап қалды. Аэродромның негізгі бөлігі толық тұрғызылып, ұшу-қону жолағы, перрон және рульдеу жолының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ аэродром аумағындағы дренаждық жүйе мен инженерлік коммуникациялар толық тартылып бітті.

«Қазіргі уақытта жолаушылар терминалының, апаттық-құтқару қызметі ғимаратының, гараждар мен жанар-жағармай материалдары қоймасының құрылысы белсенді түрде жалғасып жатыр», — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінен.

Жаңа әуежайдың ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 200 метрді, ал аэровокзал кешенінің жалпы ауданы шамамен 4 мың шаршы метрді құрайды. Мекеме іске қосылған соң Bombardier Q400 және ATR-72 сияқты өңірлік әуе кемелерін еш қиындықсыз қабылдай алады.

Шекаралық аумақта орналасқан бұл әуежайдың іске қосылуы өңірдің көлік әлеуетін айтарлықтай кеңейтеді деп күтілуде. Билік орындары болашақта Зайсаннан тек ішкі бағыттар ғана емес, шет елдерге де тікелей ұшақтар ұшыруды жоспарлап отыр.

Болашақта халықаралық әуе бағыттары Қытайдың Үрімжі, Алтай қалаларына және Қанас көлі ауданына ашылады, ал ішкі рейстер бойынша Астана, Алматы және Өскемен қалаларына тұрақты қатынас орнатылады.

Бұл әуе айлағы Шығыс Қазақстанның ең түйінді инфрақұрылымдық жобаларының бірі. Жаңа нысанның ашылуы елдің шығыс бөлігіндегі туризмнің дамуына, шекара маңындағы сауда-саттыққа және іскерлік белсенділіктің артуына жаңа серпін бермек.