Шетелдіктер 750 метр биіктіктен төмен түсу кезінде бағдарларынан жаңылысып қалған
Ақмола облысының Бурабай ауданында Көкшетау тауына шыққан тоғыз шетелдік саяхатшы адасып кетіп, құтқарушылар көмегіне жүгінді. ТЖМ қызметкерлері шетелдіктерді таудан қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, туристер тауға өрмелеу барысында шыңға сәтті көтерілген. Алайда кері қайтар жолда, шамамен 750 метр биіктіктен төмен түсу кезінде бағдарларынан жаңылысып, қауіпсіз маршрутты өздігінен таба алмай қалған.
«Қиын жағдайға тап болған туристерге көмекке ТЖМ қызметкерлері шұғыл жетті. Құтқарушылар оқиға орнындағы жағдайды жедел бағалап, топты таулы учаскеден қауіпсіз жерге төмен түсіру жұмыстарын ұйымдастырды», — деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.
Құтқару операциясының жедел жүргізілуінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ.