Қазақстан аумағында аптап ыстық, найзағай мен жаңбыр және қатты дауыл күтіледі
2026 жылдың 31 мамырына арналған ауа райы болжамы шықты. Еліміздің 15 облысында дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстан аумағында аптап ыстық, найзағай мен жаңбыр және қатты дауыл күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Еліміздің бірқатар өңірінде жауын-шашын болып, екпінді жел соғады деп күтілуде. Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. Орал мен Қостанай қалаларында да осындай құбылыстар қайталанады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында күндіз жаңбыр, бұршақ, дауыл болады. Желдің қарқыны 23-28 м/с дейін күшейеді. Түнде және таңертең өңірде, соның ішінде Петропавлда тұман түседі. Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ақтөбе мен Ақтауда түнде және таңертең тұман болады.
Қазақстанның өзге өңірлерінде күн райы айтарлықтай ысып, құрғақшылық болады. Ұлытау және Павлодар облыстарында күндіз сынап бағанасы 32-37 градусқа дейін көтеріледі. Жезқазған мен Павлодар қалаларында да аптап ыстық болады. Алматы және Жамбыл облыстарында күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін жетеді. Алматының таулы аудандары мен Қонаев қаласында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жетісу облысында күндіз 35-37 градус ыстық болады, Талдықорғанда да осындай ауа райы сақталады. Абай және Қызылорда облыстарында күндіз шаңды дауыл соғып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Абай облысында күн 36 градусқа дейін ысиды.
Синоптиктер ауа райының ысуына байланысты өрт қауіпсіздігін сақтауды сұрайды. Қарағанды (соның ішінде облыс орталығында), Ақтөбе, Маңғыстау, Жетісу және Қызылорда облыстарының бірқатар аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.
Сонымен қатар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жоғары өрт қаупі бар екені ескертілді. Мамандар тұрғындарды табиғат аясында от жаққанда абай болуға шақырады.