ТЖМ құтқарушылары Көкжайлау шатқалы маңында іздестіру жұмыстарын жүргізген
Алматы тауларында түнде адасып кеткен шетелдік студент аман-есен табылды. ТЖМ құтқарушылары Көкжайлау шатқалы маңында іздестіру жұмыстарын жүргізіп, азаматты қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Туристік топпен бірге тауға шыққан шетелдік студент серіктерінен көз жазып қалған. Топ мүшелерінің айтуынша, оның ұялы телефоны байланыс аясынан тыс жерде болған соң, бірден құтқарушылар көмегіне жүгінген. Ақпарат түсе салысымен, ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы оқиға орнына аттанды.
«Құтқарушылар таулы жерге жеткен бойда іздестіру жұмыстарына кірісті. Түнгі уақытта, көру мүмкіндігі шектеулі жағдайда жүргізілген операция нәтижесінде Көкжайлау шатқалынан төменірек жерден Иран азаматы табылды. Ол кезде студент тау бөктерінде ұйықтап жатты», — деп мәлімдеді ТЖМ өкілдері.
Мамандар жас жігітті дереу тексеріп, оған медициналық көмектің қажеті жоқ екенін анықтады. Құтқарушылар шетелдік студентті таудан қауіпсіз жерге төмен түсіріп, тобына қосты.
Осы оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығушыларға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.