«Қызыл аймақта»: Оралды жылумен, ыстық сумен қамтитын кәсіпорын 83 пайызға тозған

Автор: Асыл Арман

Жылу магистралі 24 бюджеттік мекеме мен 130 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысындағы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің мәліметінше, бүгінде өңірде коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жұмысы жүргізілуде. Жылумен, электрмен қамту, сумен жабдықтау және су бұру салаларында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

«Өңір алдағы жылыту маусымына қарқынды дайындалуда. Жаңғыртылып жатқан негізгі нысандардың бірі – Орал қаласын жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін «ЖайықТеплоЭнерго» АҚ. Қазіргі уақытта кәсіпорын «қызыл аймақта» тұр. 2029 жылға дейін жүргізілетін жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде тозу деңгейін 83%-дан 60%-ға дейін төмендетіп, нысанды «сары аймаққа» шығару жоспарланған. Сонымен қатар, тозу деңгейі 65%-ды құрайтын ұзындығы 1,8 шақырым болатын №7 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды. Аталған жылу магистралі 24 бюджеттік мекеме мен 130 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді», – делінген Үкіметтің хабарламасында.

Белгілі болғандай, жобаны жүзеге асыру желілердің тозуын азайтуға, жүйенің өткізу қабілетін арттыруға және пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.

Келесі нысан Орал қаласының Зачаган кентіндегі №29 кәріз-сорғы стансасы болды. Қазіргі таңда мұнда құрылыс-монтаждау жұмысының 40%-ы орындалған. Жобаның құны – 1,7 млрд теңге. Жаңғырту аяқталғаннан кейін, 2027 жылдың соңына қарай станса тәулігіне 14 700 текше метрге дейін сарқынды суды айдай алады. Бұл жүйеге жаңа абоненттерді қосуға және кенттің коммуналдық инфрақұрылымын тиімді басқаруға жол ашады.

«Осыдан кейін вице-премьер «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-нің қалалық электр желілері кешеніне барды. Мұнда 138 шақырым электр желілерін жаңғыртуға бағытталған үш кезеңді жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жобаның екі кезеңі аяқталып, үшінші кезең бойынша жұмыстар жалғасуда. Қанат Бозымбаев қазіргі жаңғырту қарқынын сақтау өңірдің коммуналдық инфрақұрылымындағы жүйелі мәселелерді шешуге және энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыстағы электр желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға дейін төмендеді», – деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.

Жұмыс сапары барысында отандық өндірушілерді қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жобаларда қазақстандық темірбетон тіректері, кабельдік-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялар, трансформаторлық қосалқы стансалар, полиэтилен құбырлары және өзге де жабдықтар пайдаланылуда. Кейбір нысандарда қазақстандық қамту үлесі 80–99%-ға дейін жетеді.

29 мамырдағы мәліметке сәйкес ЭКСЖ электрондық платформасында Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы сомасы 113,7 млрд теңгені құрайтын 38 жоба тіркелген. Жалпы құны 21,9 млрд теңге болатын 10 пилоттық жоба белсенді жүзеге асырылу кезеңінде.