Жасөспірімнің тістері сынып, басынан, ауызынан жарақат алған
Алматы облысының Талғар ауданында жолаушылар автобусы мен КамАЗ-дың соқтығысып, салдарынан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, жол апаты 26 мамыр күні сағат 18:00 шамасында Алматы – Көкпек – Көктал автожолында болған. SAZ маркалы автобустың жүргізушісі қиылыста солға бұрылар кезде, қарсы бағытта келе жатқан КамАЗ жүк көлігіне жол бермей, соқтығысып қалған. Автобус жолаушыларына алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына себеп болған жүргізушіні жауапқа тартты.
Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде 26 мамыр күні Талғар орталық аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне зардап шеккен 49 жастағы әйел мен 17 жастағы бозбала түскенін айтты.
2008 жылы туған пациентті мультидисциплинарлық топ қарап, қажетті тексерулер жүргізді.
«Басынан, беті мен ауыз қуысынан соққы алған, сондай-ақ тістері жұлынып кеткен. Шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін пациент мамандандырылған ем алу үшін Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына жіберілді», – деп хабарлады ведомство.
Пациент әйелді де мультидисциплинарлық топ тексерді.
«Қажетті диагностикалық зерттеулер жүргізілді. Ауыр жарақат алған жоқ. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді, пациенттің жағдайы тұрақты, бұдан былайғы амбулаторлық емдеу тағайындалды», – деп толықтырды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.