Оқиға Павлодардағы танымал сауда орталықтарының бірінде болды
Павлодардағы сауда орталықтарының бірінде зейнеткер төрт миллион теңгені қолма-қол ұстап, интернет алаяқтарға аударып жібере жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алаяқтардың әрекеті өте кәсіби әрі жақсы түрде ұйымдастырылған. Алдымен ер адамға белгісіз тұлғалар хабарласып, өздерін медициналық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырған. Тексеруге жазу сылтауымен SMS-кодты айтуын сұраған. Қауіпті сезбеген зейнеткер қажетті мәліметтерді айтып қойған», – деп хабарлады Павлодар қаласы Полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің бастығы Тимур Каржаубаев.
Полицияның мәліметінше, арада көп уақыт өтпей, екінші адам хабарласып, алаяқтар өздерін «қауіпсіздік қызметінің» өкілі ретінде таныстырып, оның банк шоттарына қауіп төніп тұрғанын айтқан. Олар зейнеткердің жинаған ақшасын «қауіпсіз шотқа» шұғыл аудармаса, бар жинаған табысынан айырылып қалатынына сендірген.
Зейнеткер қатты қорқып, есепшотынан төрт миллион теңгені шығарып алып, Batyr Mall сауда орталығына барған. Сол сәтте алаяқтар телефон арқылы байланысын үзбей, оның әр әрекетін бақылап, жол көрсетіп отырған.
Алайда алаяқтардың бұл ісі ІІМ Оқу орталығының қызметкері Салтанат Каримованың сақтығының арқасында тоқтатылды. Егде жастағы ер адамның мінез-құлқы оған күмәнді көрінген: ол қатты қобалжып, телефонмен сөйлесіп, абдырап тұрған. Әйел адам бірден полиция шақырып, олар келгенше зейнеткерді ақша аударудан тоқтатпақ болған.
«Мен бұл жағдайдың өзім оқытып жүрген қызметкерлерге үлгі болғанын қалар едім. Осындай сәттерде бейжай өтпей, адамдарға мұқият қарап, қауіп төніп тұрғанын байқасаң, араласудан қорықпау өте маңызды. Сол сәтте мен тек адамды тоқтатып, не болып жатқанын анықтауды жөн санадым», – деп бөлісті полиция подполковнигі Салтанат Каримова.
Оның жанашырлығы мен дер кезінде жасаған әрекетінің арқасында зейнеткер ақшасын сақтап қалды.
«Полицейлер азаматтарға тағы да ескертеді: банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары, медициналық мекемелер мен қауіпсіздік қызметтері ешқашан ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды, SMS-кодтарды айтуды немесе телефон арқылы жеке деректерді беруді сұрамайды. Кейде алаяқтардың бір ғана қоңырауы адамның бар жиған-тергенінен айырылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ кей жағдайда жанында жүрген бір бейжай қарамайтын адамның өзі үлкен қайғының алдын алады», – делінген ПД хабарламасында.