Астанада құрбандыққа сойылған малдың еті мұқтаж жандарға қалай таратылады

Автор: Аягөз Құрмаш

Үш күн бойы қаладағы бес жерде мал союға болады 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Астанада Құрбан айт мерекесіне байланысты арнайы мал базарлары мен құрбандық шалу орындары жұмысын бастап кеткен. Қаладағы ең ірі сауда нүктелерінің бірі «Шанхай» базарында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бірнеше мемлекеттік орган жұмылдырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласы бойынша Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтің айтуынша, Құрбан айт кезінде халықтың қауіпсіздігі мен ыңғайына ерекше көңіл бөлінеді.

«Құрбан айт бізде үш күн өтеді – 27, 28, 29 мамыр күндері. Жыл сайын бұл шараға көптеген мемлекеттік органдар тартылады. Себебі бұл тек Дін істері басқармасының ғана жұмысы емес. Бұл – барлығы бірлесіп атқаратын үлкен діни шара», – деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, базар аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлері мен арнайы қызмет өкілдері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

«Бүгін базарға келіп жатқан тұрғындардың қауіпсіздігі, жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп – барлығы бақылауда. Мұнда отыздан астам қасапшы жұмыс істеп жатыр. Пышақ ұстап жүрген адамдар болғандықтан, міндетті түрде полиция қызметкерлері мен басқа да құзырлы органдар тартылады», – деді Қайролла Көшқалиев.

Сонымен қатар, тұрғындардың кептеліссіз кіріп-шығуы үшін жол қозғалысын реттеуге де күш салынып жатқан көрінеді. 

«Негізгі мақсат – халыққа дұрыс қызмет көрсету. Жол мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Тұрғындар ыңғайлы кіріп-шығуы үшін, кептеліс болмауы үшін үлкен жолдан бастап полиция қызметкерлері қойылған. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, полиция да, арнайы қызмет өкілдері де осындағы тәртіпті бақылап тұр», – деді ол.

Басқарма басшысы жыл сайын халықтың ең көп жиналатын орны «Шанхай» базары екенін атап өтті.

«Жыл сайын дәл осы «Шанхай» базарында адам өте көп жиналады. Қасында «Баракат» базары да бар, бірақ халықтың негізгі бөлігі осы жерге келеді. Сондықтан тәртіп сақтау мәселесі өте маңызды», – деді ол.

Сондай-ақ ол тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.

«Құрбан айттың алғашқы күні болғандықтан, қазір адам көп. Түстен кейін сәл саябырсиды. Оның үстіне алда әлі бір күн бар. Сондықтан тұрғындарға айтарымыз – асықпаңыздар, бәріңіз де құрбандығын шалып үлгересіздер», – деді Қайролла Көшқалиев.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, қала бойынша құрбандық шалуға арналған бес арнайы орын бекітілген. Алайда басқарма басшысы болашақта мұндай нысандардың санын көбейту қажет екенін айтты.

«Астана – халқы көп елорда. Сондықтан болашақта кәсіпкерлер тарапынан халыққа ыңғайлы үлкен мал базарлары мен арнайы сою пункттері ашылса, жақсы болар еді», – деді ол.

Құрбан шалуға келген азаматтар малды осы жерде таңдап, арнайы орындарда сойдыра алады. Сонымен қатар, еттің бір бөлігін қайырымдылыққа өткізуге мүмкіндік қарастырылған.

«Құрбан шалуға келген адам алдымен малын таңдайды. Кейін арнайы сою орындарында сойдырады. Бұл жерде ғана емес, «Баракат» базарындағы сою пункттеріне де баруға болады», – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы ет қабылдау пункттері жұмыс істеп тұр.

«Көп адамдар Құрбан айтта жетім-жесірге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, сауап алғысы келеді. Сол себепті еттерін қайырымдылыққа қалдырып кетеді», – деді ол.

Жиналған ет арнайы рефрижераторларда сақталып, кейін мұқтаж жандарға таратылады.

«Ет бұзылып кетпеуі үшін арнайы рефрижераторлар қойылған. Бұл да мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырылған жұмыс. Жиналған еттер арнайы мұздатқыш қоймаларда сақталады», – деді ол.

Сондай-ақ бұл жұмыстарға еріктілер мен медресе студенттері де тартылған.

«Қаладағы бес пункттің әрқайсында осындай рефрижератор жұмыс істейді. Барлық құрбандық рәсімі аяқталғаннан кейін, еттер арнайы тізім бойынша мұқтаж жандарға таратылады. Медреседе оқитын жастар көмектесіп жатыр. Олар көліктермен еттерді арнайы мекенжайларға жеткізіп береді», – деді ол.

Елорда тұрғындары құрбандыққа мал таңдап жүрген сәтте сатушылар да таңның атысынан жұмысқа кіріскен. Солардың бірі – Шымкенттен арнайы қой әкелген Қажымұқан Тұрсынбай. Сатушының айтуынша, бастысы – халықтың разылығы мен адал сауда.

«Міне, бәріміз құрбандыққа мал сатып жатырмыз. Халық наразы болмасын деп тырысып жатырмыз», – дейді ол.

Қажымұқанның сөзінше, базарда әртүрлі бағадағы қойлар бар.

«Менде үлкен қойлар да бар. Бағасы 150 мыңнан, 180 мың теңгеге дейін барады. Жалпы қойдың бағасы 150 мың теңгеден басталады», – деді сатушы.

Ол Астанаға арнайы оңтүстіктен мал әкелгенін айтты.

«Қойларды Шымкенттен әкелдім. Өзіміз арнайы барып алып келдік. Құрбан айтқа деп арнайы әкеліп отырмыз», – дейді Қажымұқан Тұрсынбай.

Сатушы биыл алғаш рет елорда базарында сауда жасап жатқанын, базарға таңғы төртте келгенін айтты. 

«Таңғы төрттен бастап осындамыз. Ерте келіп дайындалдық», – дейді ол.

Сондай-ақ ол құрбандықтың сауабы туралы да өз ойын айтып, саудадан алыс жүрген адамдар қойды қымбатсынатынын, алайда, сатып көргендер оның құнын біледі дейді. 

«Сауда жасап көрмеген адам түсінбейді. Мал әкеліп, сатып көрсе ғана біледі. Бұл да бір еңбек. Құрбан айтта сауап бар, ниет бар. Халыққа қызмет етіп жүргеннен кейін бізге де бөлек бір әсер береді», – деді сатушы.

Құрбан айт күндері елордадағы мал базарларында сауда әлі де жалғасады. Сатушылардың айтуынша, алдағы күндері де халыққа жеткілікті мал қоры бар.