«Техникалық талаптарға сай келмейді»: депутат «формалды пандустарды» қатаң сынға алды

Автор: Асыл Арман

Шенеуніктердің жұмысы пандустардың сапасымен бағалануы мүмкін

Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы 12 жылдан астам уақыт бойы инклюзивті ортаны қалыптастыру және мүгедектігі бар адамдар үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Алайда жергілікті жерлердегі жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы 12 жылдан астам уақыт бойы инклюзивті орта қалыптастыруға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының инфрақұрылым нысандары мен көрсетілетін қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шараларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың ауқымдылығына қарамастан, жергілікті жерлердегі жағдай уәкілетті мемлекеттік органдар басшыларының дербес жауапкершілігінің жүйелі түрде жеткіліксіз болуына байланысты әлі де күрделі қиын жағдайда қалып отыр», – деді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстандағы инклюзивті саясаттың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндік қалыптастыру. Сондай-ақ олардың қоғам өмірінің барлық саласына толыққанды қатысуын қамтамасыз ету көзделген.

«Қазақстандағы инклюзивті саясаттың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру. Сондай-ақ олардың қоғам өмірінің барлық саласына толыққанды қатысуын қамтамасыз ету болып саналады. 2026 жылғы 21 сәуірдегі Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктердің жұмысын қатаң сынға алып, нысандарды бейімдеу мәселесіне формалды түрде қарап отырғанын атап өтті», – деді ол.

Депутат қазіргі таңда елімізде қалыптастырылып жатқан «кедергісіз орта» көп жағдайда декларативтік сипатта қалып отырғанын айтты. Оның сөзінше, барлық өңірлерде техникалық талаптарға сәйкес келмейтін және іс жүзінде пайдалануға жарамсыз «формалды пандустар» орнатылып жатыр.

«Қазіргі таңда елімізде қалыптастырылып жатқан «кедергісіз орта» көп жағдайда декларативтік сипатта қалып отыр. Барлық өңірде техникалық талаптарға сәйкес келмейтін және азаматтардың іс жүзінде пайдалануына жарамсыз «формалды пандустардың» орнатылып жатқанын көріп отырмыз. Бұл – жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде бақылаудың жеткіліксіздігінің тікелей салдары», – деді депутат.

Ол 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасында ауқымды мақсаттар айқындалғанын атап өтті. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай «қадамдық қолжетімділік» талаптарына сай келетін инфрақұрылым нысандарының үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген.

«Қазақстан Республикасындағы 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасында ауқымды мақсаттар айқындалған. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай «қадамдық қолжетімділік» талаптарына сай келетін инфрақұрылым нысандарының үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген. Алайда, қатаң бақылау тетіктері мен лауазымды тұлғалардың дербес есептілігі енгізілмейінше, аталған индикаторлардың орындалмай қалу қаупі жоғары», – деді ол.

Депутат «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы қолжетімді орта қалыптастыру бойынша нақты өкім жобасын әзірлегенін айтты. Оның сөзінше, құжат министрлер мен әкімдер үшін дербес KPI көрсеткіштерін енгізуді көздейді.

«Айта кету қажет, «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы қолжетімді орта қалыптастыру бойынша министрлерге, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне, аудан, аудандық маңызы бар қала, кент және ауыл әкімдеріне арналған дербес KPI көрсеткіштерін енгізуді көздейтін нақты өкім жобасын әзірледі. Аталған жоба мемлекеттік органдармен және Ұлттық статистика бюросымен алдын ала пысықтаудан өтті. Біз көрсеткіштердің толықтай өлшенетінін, ал оларды әкімшілендіруге қажетті құралдардың бар екенін және қолдануға дайын екенін растаймыз», - деді депутат.

Осыған байланысты Ерлан Әбдиев Үкіметтен қоса берілген өкім жобасын қарауды сұрады. Ол инклюзивті кеңістікті қалыптастыруда лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.