Таяу Шығыс елдеріне баратын азаматтарға тыйым жоқ
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев жазғы каникул кезінде ең қауіпсіз әрі тиімді ел ретінде Қазақстанда демалуға кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өткен жолы да айтып кеткенмін, қазір жазғы демалыс маусымы басталды, оқушылар каникулға шықты. Сондықтан ең қауіпсіз орын Қазақстан деп есептеймін. Бұл –менің жеке пікірім. Менің ойымша, азаматтарымыз ел ішінде демалғаны дұрыс, Қазақстанда демалу қауіпсіз әрі тиімді», – деді Бақаев.
Оның айтуынша, ал Таяу Шығыс елдеріне баратын азаматтарға тыйым жоқ.
«Таяу Шығысқа баруды жоспарлаған азаматтарға келсек, біздің тарапымыздан ешқандай шектеу қойылып отырған жоқ. Қазіргі уақытта рейстер қалыпты түрде орындалып жатыр, азаматтар да сапарға шығып жүр. Дегенмен, сапарға шығар алдында міндетті түрде ресми ақпараттарды, әсіресе президенттер мен ресми органдардың мәлімдемелерін қадағалау қажет. Сондай-ақ Таяу Шығыс елдеріндегі жағдайға қатысты жаңалықтарды назарда ұстап, соған сәйкес шешім қабылдаған дұрыс», – деді ол.