Депутат пилоттық жобаға қатысты сұрақ көп дейді
Бүгін Мәжіліс депутаттары қандастарды қоныстандыру және оларға қойылатын талаптарға қатысты мәселені талқылады. Талқылау кезінде депутат Мұрат Әбенов бірқатар пилотты жобаларға байланысты алаңдайтынын айтып, қандастарға қатысты өзгерістердің қоғамда әртүрлі пікір туғызып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әрине, мен бұл заң жобасын қолдаймын. Он екі жыл бұрын біз «Серпін» жобасын бастадық. Оңтүстіктің жастарын солтүстік өңірлерге оқуға жіберіп, техникалық мамандықтарға бейімдедік. Бұл өз нәтижесін берді. Осындай жүйелі тәсілді заң деңгейінде бекіту дұрыс деп санаймын», – деді депутат.
Алайда, ол сыртқы миграция мен қандастарға қатысты жаңа өзгерістерге байланысты нақты сұрақтар бар екенін жеткізді.
«Соңғы бір айда маған шамамен он шақты хат келді. Қоғам кейбір жаңа нормаларды түсінбей жүр. Пилоттық жоба 1 қаңтардан бастап күшіне енеді дейді. Бұрын қандастар кез келген өңірді өздері таңдайтын, енді тек белгілі аймақтарға ғана бара алады деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты дұрыс?» – деді Мұрат Әбенов.
Сонымен қатар депутат қандастарға қойылған тілдік талапқа да тоқталды.
«Қандастарға қатысты Қазтест тапсыру талабы енген. Бірақ олардың кирилл әліпбиін меңгеру деңгейі әртүрлі. Бұл заңда нақты жазылмаған талап. Сол себепті, бұл мәселе де түсініксіз», – деді ол.
Сондай-ақ депутат қандас мәртебесінің мерзіміне қатысты да сұрақ қойды.
«Қандас мәртебесінің мерзімі бір жылдан бес жылға ұзарады деген ақпарат бар. Бұл өзгеріс заңмен бекітілді ме, әлде тек әкімшілік деңгейдегі шешім бе?» – деп нақтылады ол.
Өз кезегінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев бұл сұрақтарға жауап беріп, пилоттық жобаның мақсатын түсіндірді.
«Сыртқы миграцияға қатысты шаралар пилоттық жобада бар. Оның мақсаты еліміздің экономикалық және демографиялық мүдделерін ескеру», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекет ешкімді бөліп отырған жоқ.
«Қандас болсын, басқа шетел азаматы болсын, егер адам Қазақстанда тұрып, өз өмірін осы елмен байланыстырғысы келсе, мемлекет азаматтық алу процесінде көмектеседі», – деді ол.
Сонымен қатар, еңбек миграциясын реттеу үшін өңірлерге бөлу тетігі қарастырылып отырғанын атап өтті.
«Егер келу мақсаты уақытша еңбек ету болса, біз оларды сұраныс жоғары өңірлерге бағыттауды қарастырамыз. Бұл еңбек нарығындағы қажеттілікке байланысты», – деді Ербол Тұяқбаев.
Оның айтуынша, қазақ тілін білу деңгейі - базалық талап ретінде еніп жатыр.
«Бұл дүкенде, қызмет көрсету саласында қарапайым коммуникация жасау үшін қажет талап. Халықаралық тәжірибеде де мұндай нормалар бар», – деді вице-министр.