Ол осы мәселені қайта қарау керегін айтты
Мәжіліс депутаты, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы экологиялық мәселелер жөніндегі заң жобасын талқылау барысында мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан ағаш егу жұмыстарының сапасын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, ағаш егу дегеніміз көшет еге салу емес, оған жер дайындау, суару, күтім жасау және көшеттердің сақталуын қамтамасыз ету сияқты кешенді жұмыс деген сөз.
«Бұл заң жобасы керек. Екіншіден, мен Мәжіліс депутаты болып келер алдында ағаш егу мәселесімен айналыстым. Мемлекет басшысының екі миллиард ағаш егу жөніндегі тапсырмасы бар. Бірақ ағаш егу деген жай ғана көшет отырғызу емес. Ол – жерді дайындау, құнарлылығын арттыру, баптау, емдеу, суару, тамшылатып суару сияқты көптеген процестерден тұрады», - деді депутат.
Ол жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың жұмыс сапасы арасында үлкен айырмашылық бар екенін айтты.
«Егер жеке азамат немесе кәсіпкер ағаш ексе, отырғызылған көшеттің 90 пайызы аман қалса бұл жақсы көрсеткіш. Ал одан төмен болса, ол проблема болып саналады. Ал сіздердің институттарыңыз мемлекеттік органдар еккен көшеттердің 70 пайызына дейін қурап қалса да, соған қорытынды беріп, заңдастырып отыр. Неге? Өйткені мемлекеттік органдар сапасыз көшет алады, жерді дұрыс дайындамайды, жұмыстарды сапасыз атқарады», - деді ол.
Депутаттың сөзінше, бюджет қаржысы игерілгеннен кейін ғана тиісті қорытынды жасалып, қураған көшеттер қалыпты жағдай ретінде рәсімделеді.
«Яғни менің айтпағым – сапасыз жұмыс, сапасыз егу, сапасыз күтім сіздердің ғылымдарыңыз арқылы заңдастырылып отыр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Егер жеке кәсіпкер бақ отырғызып, көшеттердің 90 пайызы өсіп шықса, бұл қалыпты жағдай. Ал 10–12 пайыздан көп көшет қураса, бұл олар үшін үлкен мәселе. Ал сіздер 70 пайызға дейінгі шығынды қалыпты деп көрсетіп отырсыздар», - деді Нәжметдинұлы.
Сондай-ақ ол бұл мәселені бұған дейін депутат Ирина Ким де қозғағанын еске салды.
«Сондықтан бұл тәсілді қайта қарау қажет деп есептеймін. Себебі мұнда бюджет қаражаты жұмсалып жатыр. Өз тарапымнан мұндай жағдайларға жол бермеу үшін осы заң жобасына түзетулер енгізетін боламын», - деді депутат.